Қасым-Жомарт Тоқаев мамырда іссапармен Түркияға барады

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Түркияның вице-президенті Фуат Октайды қабылдады

Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның вице-президенті Фуат Октайды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әңгімелесу барысында олар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Фуат Октайға ілтипат білдіре отырып, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанға жүрекжарды сәлемін жолдады және оның биыл мамыр айында Түркияға сапармен келу жөніндегі шақыртуын шын көңілмен қабыл алғанын жеткізді», - делінген Ақорданың баспасөз хабарламасында.   

Мемлекет басшысы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстардың деңгейі жоғары екенін атап өтіп, қарым-қатынастарды одан әрі жандандыра түсу қажет екеніне назар аударды. 

«Түркияның вице-президенті өз кезегінде Президент Режеп Тайип Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді. Сондай-ақ Түрік елі Мемлекет басшысының сапарын асыға күтетінін айтты», - делінген хабарламада.

Фуат Октай Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстардың 30 жылдығына орай жолдаған түрік басшысының құттықтау хатын жеткізді.

Түркияның вице-президенті елімізде сын-қатерлерді еңсеру үшін қабылданған шараларды және Қазақстан Президентінің мықты әрі батыл басшылығымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысу туралы шешіміне ризашылық білдірді.