Мемлекет басшысы Минск келісімі қағаз жүзінде ғана қалғанын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Украина мен Ресей арасында болып жатқан соғысқа екі елді татуластыру үшін арағайын бола алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Айтып отырған сөздерімнің бәрінің Украинада болып жатқан жағдай аясында маңызы арта түседі. Біздің позиция еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау тұрғысынан ғана көрінуі керек. 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өткізген ел ретінде біз Еуразиялық бөлінбеу қағидатын сақтау жөн деп есептейміз. Бұл туралы мен 10 ақпанда Мәскеуге барған кезімде де айттым», - деді Президент.
Оның айтуынша, Минск келісімі қағаз жүзінде ғана қалды.
«Осының бәрі Украина аумағындағы әскери қақтығыстарға алып келді. Геосаяси жағдай жоғары деңгейде ушығып кетті. Тенденция солай байқалады. Сол себепті екі мемлекетті ортақ тіл табысуға шақырамыз. Келіссөздер үстелінде келісімге келу керек. Қалай десек те қақтығыстың кез келген түрі бейбітшілікке зиян келтіреді. Бейбітшіліксіз даму болмайды. Қазақстан өз тарапынан жан-жақты қолдауға, оның ішінде екі елдің арасында арағайын болуға дайын» - деді ол.