Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялар енгізді

Автор: Azattyq Rýhy

Санкциялар Ресей депутаттары мен банктеріне бағытталған

Фото ашық дереккөзден

Еуропалық Одақ (ЕО) Ресейге Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындағаны үшін ресми түрде санкциялар енгізді. Бұл туралы РИА Новости жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Санкциялар тізіміне Ресей президенті Владимир Путинге республиканы тану туралы үндеуді қолдауға дауыс берген Мемлекеттік Думаның 351 депутаты және "Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігіне және тәуелсіздігіне нұқсан келтіруде немесе қауіп төндіруде рөл атқарған" тағы 27 жеке тұлға мен ұйым кірді. Сонымен қатар, ЕО Ресей билігінің ДХР мен ЛХР-дағы әрекеттерін қолдайтын немесе олардан пайда көретін банктерге шектеулер енгізу туралы шешім қабылдады.

Еуропалық одақтың мәлімдемесінде қажет болған жағдайда Ресейге қарсы қосымша санкцияларды тез қабылдауға дайын екендігі айтылған.

"ЕО Ресейді Луганск және Донецк облыстарының Үкімет бақыламайтын аумақтарын тануды қайта қарауға шақырады... ЕО басқа мемлекеттерді жарияланған тәуелсіздікті мойындаудың заңсыз шешімін орындамауға шақырады", - делінген құжатта.