ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары тағайындалды
Бүгінге дейін ШҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасын басқарған
ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция полковнигі Ербол Бекпаев Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ербол Зарипханұлы құқық қорғау органдарында 1992 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тумасы. Қостанайдағы ІІМ жоғары мектебін бітірген.
Қызметін Өскемен қаласында Октябрь ауданының ІІБ милиционері болып бастаған. Қалалық ІІБ паспорт жұмысы инспекторы, ШҚО ІІБ Көші-қон полициясы басқармасының визалық жұмыс бөлімінің аға инспекторы. Бұл басқармада шетелдіктердің шығуын бақылау және режим тобының аға инспекторы болып еңбек етті.
2005-2010 жылдары ШҚО ІІД көші-қон полициясының бақылау бөлімінің бастығы, ал 2010 жылы ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары болды.
Бүгінге дейін 10 жылдан астам уақыт Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасын басқарған.