Іріктеуден өткен жастар мемлекеттік қызметке бармас бұрын арнайы курстардан өтеді
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кадрлық резерв мүшелерімен кездесіп жатыр деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
Еске салайық, былтыр республика аумағында жүргізілген іріктеуге 13 мың адам қатысып, олардың 300-і бәсекелестерінен басым түскен еді.
«Іріктеуге қатысқан барлық жас назарымызда қалады. Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалған игі бастама. Мен сіздерді Ақордаға еліміз үшін маңызды мәселелерді талқылауға шақырдым», - деді Президент.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова іріктеуде бір орынға 24 адам таласқанын айтты.
«Іріктеу автоматтандырылған жүйеде өтті. Ол қабілетті анықтайтын тестілеу, жоба презентациясы, эссе жазу, кәсіптік құзіретті тексеру, әңгімелесу, ұлттық комиссия отырысы кезеңдерінен тұрды. Ең бастысы, Президенттік резерв жасау туралы бастама – өз елімізде де, шетелде де қызығушылық тудырды. Резерв жастарын көбі аңызға айналған 300 спартандықпен салыстырып жүр», - деді ол.
А.Жайылғанованың сөзінше, кадрлық резерв мүшелері мемлекеттік қызметке бармас бұрын арнайы курстардан өтеді. Ол жерде халықпен жұмыс істеу, жұрт алдында сөйлеу, қиын жағдайларда шешім қабылдау қабілеттерін үйренеді.
Кездесуде Мемлекет басшысы резерв мүшелерінің түрлі салаларды дамыту бойынша ұсыныстарын тыңдап жатыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан