«Бизнесімді тартып алмақшы»: кәсіпкер Қайрат Реимов қысым көріп жатқанын мәлімдеді

Оның компаниясына қатысты әліге дейін тергеу ісі жүріп жатыр

Алматыда метро құрлысымен айналысатын ірі компанияның қызметкерлері 2 млрд теңгені ұрлады деген күдікпен ұсталды. Мұны «Алматыметроқұрылыс» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов өзіне жасалған қысым және рейдерлік әрекет деп түсіндірді. Оның пікірінше, құзырлы органдар метро қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғау арқылы бәсекелестерге жол ашып отыр. Сөйтіп метро қазуға арналған бағалы қондырғыларға қол жеткізбекші дейді. Бұл туралы кәсіпкердің өзі Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

Биыл 19 қаңтарда Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты «Алматыметроқұрылыс» компаниясының қызметкері Жәмила Арысованы және оның күйеуі Нұржан Арысовты қамау туралы қаулы шығарған. Оларға «бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін талан-таражға салды» деген айып тағылды. Сот қаулысында күдікті 2018-2020 жылдары аралығында топ болып, өзара сөз байласу арқылы және қызметтік өкілеттігін пайдаланып, мемлекет бюджетіне 2 044 974 454 теңге шығын келтірді деп жазылған.

«Біздің компанияның өндірістік-техникалық бөлімінде жұмыс істейтін қызметкерді (ол техникалық құжаттамалармен айналысады – авт.) Жетісу көлік прокуратурасына шақырған. Ал оның күйеуі бізде жұмыс істемейді. Ол әйелін апарып тастау үшін барған. Алайда, прокуратура өкілдері екеуін де сол жерде ұстап, тергеу изоляторына қамап тастаған. Олар бюджет қаржысын жымқырды деген айыппен қамалғанымен, әліге дейін нақты дәлел жоқ. Ерлі-зайыптылардың жасөспірім үш баласы бар. Олар қараусыз қалды. Меніңше, олардан өздеріне керекті мәліметтерді еркінен тыс, мәжбүрлі түрде жаздырып алу мақсатында ұстап отыр», - дейді Қайрат Реимов.

МҰНЫҢ БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

«Алматыметроқұрылыс» АҚ 2015 жылы 62 млрд теңгеге бағаланған тендер ұтып алады. Компания Алматыдағы «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» бекеттерін салуы тиіс еді. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі – Алматы қалалық автомобиль жолдары басқармасы, ал негізгі тапсырыс беруші – «Алматыметрополитен» коммуналдық кәсіпорны. Жобаны жүзеге асырып, құрылысты жүргізетін – «Алматыметроқұрылыс».

Бастапқыдағы келісімшарт бойынша метро бекеттері 2018 жылы желтоқсанда аяқталуы тиіс еді, алайда атқару мерзімі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылған. Қайрат Реимовтің айтуынша, бюджет қаражатының дер кезінде түспеуіне байланысты құрылыс алғашқы мерзімінен кешікті. Бірақ осы жаңа жылдың қарсаңында метроның техникалық іске қосылуы жүзеге асты. Екі бекет те Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылды. Бірақ жолаушылардың қатынауына 2022 жылдың наурызында рұқсат беріледі.

«Құрылыс аяқталуға жақын қалғанда, яғни 2021 жылдың басында Алматы қалалық ревизиялық комиссия тарапынан тексерулер басталды. Соңғы бір жыл бойы тексеруден көз ашқан жоқпыз. Бастапқыда комиссия тапсырыс беруші «Метрополитен» мекемесін тексерді. Бұл компаниядан тауар және қандайда бір қондырғыларды сатып алу кезінде заңбұзушылықтар болған деген қорытынды шықты. Сосын біздің компанияның құжаттарын тексеруге кірісті», - дейді Реимов.

Бірақ «Метрополитен» коммуналдық кәсіпорны тексеру нәтижелерін мойындамай, президент әкімшілігіне хат жазады. Ол жерден Есеп комитетіне істі тексеруге нұсқау беріледі. Елордадан келген Есеп комиетінің өкілдері Алматы ревизиялық комиссиясының қорытындысы мемлекеттік аудит стандарттарына сәйкес емес деп, тексерудің заңдылығына күмән келтіріледі. Сарапшылар тексеру кезінде өрескел қателіктер жіберген деген қорытындыға келеді.

Сөйтіп 2021 жылы 12 мамырда Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты қалалық ревизиялық комиссия төрағасының міндетін атқарушы Асқар Раимбаевқа айыппұл салып, аудиторлардың жұмысына кедергі келтірген деген қаулы қабылданады.

Алайда Есеп комитетінің қорытындысы мен сот қаулысына қарамастан құқық қорғау органдары тергеуді бастайды.

«Есеп комитеті ревизиялық комиссияның шешімдерін жоққа шығарды. Оның алдында ревизиялық комиссияның бірінші есебі құқық қорғау органдарының қолына тиген екен. Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті біздің заңгерлердің уәжіне қарамастан мемлекеттің мүлкін талан-таражға салды деген баппен іс қозғады. Біздің міндетіміз жүктелген міндет аясында метро құрлысын ойдағыдай аяқтау. Бұл коммерциялық акционерлік қоғам, ішкі қаржылық есептерді өзіміз жүргіземіз, мемлекеттің қаржысын шашау шығармай игерудің нәтижесі – метроны уақытында салып, стандартқа сай тапсыру емес пе? Десе де, тергеу тоқтаған жоқ. Қызметкерлерді сұраққа алу, тінту жүрді. Сіздерде мүмкін ЛРТ сияқты ақшаны ұрлау болып жатқан шығар деген айыптау болды. Біз алдын ала аванстық төлемдер алып, жұмыс істемей қашып кетсек бір жөн. Біз былтыр желтоқсанда нысанды аяқтадық, БАҚ арқылы көрсеттік. Тапсырыс беруші мен мемлекет тарапынан шағым болған жоқ», - дейді метро құрлысына жауапты компания құрылтайшысы.

ҚАЗІР ІСТІ КӨЛІК ПРОКУРАТУРАСЫ ТЕРГЕП ЖАТЫР

Жоғарыда айтқандай, Алматыда салынып біткен екі бекет («Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» станциялары – авт.) енді бір айдан кейін жолаушылар игілігіне беріледі. Қазір соңғы техникалық тексерулер жүріп жатыр. Бастапқыда тергеу органдары метро құрылысына бөлінген 62 млрд теңге түгел ұрланған деген болатын. Енді метро басқаратын автоматтандырылған жүйені сатып алу кезінде баға жоғары көрсетілген дегенді алдыға тартады. Компания оны өзінің еншілес кәсіпорнынан 4,7 млрд теңгеге сатып алған. Бұл кешен кіре берістегі бейнебақылау жүйесі, мәліметтер базасын құрылымдау, үздіксіз электр энергиясын беру, диспетчерлік орталық және ланкестікке қарсы жүйемен жабдықталған екен.

Қазақстанда аталған кешен шығарылмайды. Мұндай қымбат қондырғыны жеткізу үшін «Алматыметроқұрылыс» АҚ «Автоматизация және Технология – Сервис» ЖШС-ін қосылқы мердігер ретінде жұмысқа тартқан. Шетелден әкелінген кешенді осы компания өзі орнатқан.

«Біздің бұл жерде қандай қатысымыз бар? Жеткізіп берушіден қымбат бағаға алдыңдар, ол нарықта 30-40% арзан дегенді айтады. Біз заң бойынша тасымалдаушының бағажасам саясатына араласа алмаймыз. Айта кету керек, сол кезде бұл ЖШС елдегі осындай кешенді әкелетін жалғыз фирма болатын. Олар бізге тез арада және өз қаражатына қондырғы жеткізді. Ал бюджет ақшасы одан кейін түсті. Бізге тендер өткізбедіңдер деген кінә тағады. Акционерлік қоғамның тендер өткізуге құқығы жоқ екенін ескермей отыр. Аталған жеткізуші компания елдегі квазисекторда ірі кәсіпорындармен жұмыс істейтін айналымы жоғары салиқалы мекеме. Біз нарықты зерттемей, мемлекетке зиян келтіріптік. Бюджеттік кодексті бұзыптық. Бұл – жала. Мемлекет бізге екі бекетті аяқтаңдар деп 62 млрд теңге берді, біз соны уақытында, барлық талаптарға сай бітіріп бердік», - дейді «Алматыметроқұрылыс» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.

Қайрат Реимов бұл текетірестің артында басқа мүдделер тұрғанын айтады. Ол жаңа қондырғыларды тартып алу мақсатында осындай әрекеттер басталды деп күдікетеніп отыр.

«Менің пайымдауымша, бұл бизнесті рейдерлік жолмен тартып алғысы келетін топ бар. Мен соны түсіндім. «Қалқаман» метро бекетін салуға, яғни метро құрлысын ары қарай жалғастыру үшін тендерді «Bazis Construction» ЖШС ұтты. Бізге бермей қойды. Алайда, одан бері 2 жыл мерзім өтті. Бауыржан Момышұлы көшесінен ары қарай бірде-бір метр жер қазылған жоқ. Бізді қосалқы мердігер ретінде тартып, жер астын қазатын қондырғыларымызды қолданбақ болды. Метро салу үшін арнайы техника керек. Оны ешкімнен жалға ала алмайсың, ол өте қымбат тұрады. «Базис» компаниясының тәжірибесі де, техникасы да жоқ. Олар тұрғын үйлер салуға маманданған. Бірақ оған тендерді ұтқызды. Содан бері бізге қысым жасаумен ғана айналысып отыр. Уақыт болса өтіп жатыр. Маған қоқан-лоқы көрсетіп, ортаға үлкен адамдарды салумен айналысты. Енді қызметкерлерімді ұстап, маған қарсы қойып жатыр», - дейді Реимов.

«Алматыметроқұрылыс» компаниясының иесі қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды сұрамайтынын айтады. Ол тексерудің шынайы қорытындысын жарыққа шығаруды талап етеді. Кәсіпкер бұдан былай отандық метро құрылысына қатысуды қаламайтынын, метро қазатын қондырғыларымен шетелдік нарықта жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.

Azattyq Rýhy редакциясы тендерді ұтып Алматы метросын жалғастыруы тиіс Bazis компаниясының өкілдеріне хабарласты. Құрылыс компаниясының баспасөз қызметі жұмыс істемейтінін, біздің сауалымызға корпорация басшысы Александр Белович жауап беретінін мәлімдеді. Ал, Жетісу көлік прокуратурасы тергеу жүріп жатқанын растады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.