«Самұрық-Қазына» 124 қызметкері мен төрт компаниясының басшыларын жұмысынан босатты
Онымен қоса, басқарма төрағасының кеңесшілерін түгелдей жұмыстан босатып, олардың шетелдегі өкілдіктерін жойған

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ бүгін қызметкерлер санын тура екі есеге қысқартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін Қордың Басқармасы төмендегі шешімдерді қабылдады:
1. Жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Оған сәйкес, Қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни, 248-ден 124-ке дейін; ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%) қысқартылды; «кеңесші» қызметтері жойылды. Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды.
2. Бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен қадағалау, маркетинг және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сол сияқты «Атамекен» ҰКП-ға қарастыруға жіберілді. Бір көзден сатып алуға негіз болатын факторлар қысқартылды. Аталған құжаттарды директорлар кеңесі қабылдаған соң Қордың корпоративтік орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады», - делінген қордың ресми сайтындағы хабарламада.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының бүгінгі шешімімен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Бас директоры А.К. Сұлтановтың, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Б.А. Сандықбаевтың, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры А.Ж. Ақыловтың, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС бас директоры С.К. Елшібековтің уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді.
Ал ең бастысы, Басқарма ҚР Үкіметіне жолданатын Қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерземдерін бекітті.
Azattyq Rýhy қысқартылған қызметкерлер енді қайда баратынын, нақты қанша кеңесші жұмыстан кеткенін және бағдарламаны дайындау үшін қандай мерзім бекітілгенін анықтап жатыр.