Әмір Сағындықов Астана медициналық университетінің 5 курс студенті
Шымкент қаласында болған тәртіпсіздік кезінде Астана медицина университетінің студенті Әмір Сағындықов ес-түссіз жатқан жасөспірімге көмектесемін деп өзі оққа ұшты. 21 жастағы болашақ дәрігердің бұл іс-әрекетін әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазған болатын. Жаңа жылдық демалыста үйіне барған ол 5 қаңтар күні дүкенге нан алуға шыққан. Қайтар жолда есінен танып жатқан 16 жас шамасындағы балаға алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалады. Сол сәттегі қарбаласта белгісіз бағыттан атылған оқ Әмірдің аяғына тиеді. Абырой болғанда, ол бірден ауруханаға жеткізіліп, дер кезінде дәрігер көмегін алған.
Azattyq Rýhy тілшісі Әмірдің өзімен хабарласып, оқиғаның қалай болғанын, қазіргі хәл-жағдайын сұрап білді.
Сол күні болған оқиғаны есіме алғым келмейді...
Ол қазір жағдайы бірқалыпты болғанымен сол күнгі оқиғадан кейін әлі толық өзіне келмегенін жеткізді. Бәрі бір мезетте түс секілді өтті дейді.
«Әлі толық сауыққан жоқпын. Шынымды айтсам, сол күні болған оқиғаны есіме түсіргім келмейді. Дене жарақатымен қоса, психологиялық ауыр соққы алдым десем болады. Аллаға шүкір, жақындарым қасымда. Барлық жағынан қолдау көрсетіп жатыр. Дәл қазіргі уақытта журналистер жан-жақтан хабарласып, толассыз хат жолдауда. Бірақ, денсаулығыма байланысты сұхбат беруден бас тарттым. Мен халық айтқандай батыр емеспін. Дәл сол сәтте көрсету керек көмегімді көрсеттім», - дейді ол.
Әмір елде болған бүліктер кезінде зардап шеккен адамдарға көмектескен дәрігерлерге үлкен алғыс білдіретінін айтты.
«Бүгінгі күннің нағыз батырлары – дәрігерлер. Олар күніне сан мыңдаған адам өміріне араша түседі. Сондықтан аталған мамандық иелеріне басымды иемін. Менің өзім де сол күні науқас ретінде дәрігердің көмегіне жүгінуіме тура келді. Көмек көрсеткен ақ халаттылар мен жағдайымды бақылауда ұстаған медбикелерге алғысым шексіз. Емді Шымкент қаласында алдым. Облыстық аурухана, хирургия бөлімі қабылдау бөлмесінен палатаға дейін, аяғымды жерге тигізбей емдеді. Бәріне үлкен рахмет айтамын.
Медицина қызметкерлері осы қиын күнде абдырамай, ауруханада қалып, зардап шеккен адамдарды дер кезінде емдеуді жалғастырды. Міне, нағыз батыр сол кісілер», - деді ол.
Жақындарымды әбден уайымға салдым деген жігіт, сол сәттегі өзінің жасаған іс-әрекетін батырлықтан бұрын ойланбай істеген әрекетке жатқызады.
«Ешқандай дәрігер басқалардың өмірін сақтап қалу үшін өз өміріне қауіп төндірмеуі керек. Мен ата-анамның уайымын толық түсінемін. Егер өзімнің ұлым осындай әрекет жасаса, қолдамас едім. Себебі, бұл күндер мен үшін, менің туыстарым үшін де үлкен уайым, сынақ болды.
Осы жағдайда жақындарынан айрылған барлық жандарға қайғыра көңіл айтқым келеді және сол қорқынышты күнде зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Елімізде тек тыныштық болса екен деймін», - деді Әмір.
Ол жеке басы туралы ақпарат таратқысы келмейтінін айтып, өзі туралы қойылған басқа да сұрақтарға жауап бере алмайтынын жеткізді. Студент жігіт әлеуметтік желіде өзін қолдап жатқан барлық қазақстандықтарға алғыс айтты.
«Мен, біздің мейірімді халқымызға өте ризамын және ізгі тілек білдіріп, қолдап жатқан барлық жандарға үлкен рахмет айтамын. Әлеуметтік желіде өзіме жазылған пікірлерді оқып отырамын және бұл маған ерекше дәрумен секілді көмек беріп жатыр (күліп).
Өзім туралы жеке ақпаратты жарияламаймын. Камераға да жарқырағым келмейді. Көптің көзінде жүргенді ұнатпаймын. Осы қиын күндерді бастан кешіре отырып, біз әлемде пандемияның әлі де жалғасып жатқанын ұмытып кеттік. Сондықтан өзіңізге қамқорлық жасап, денсаулығыңызға көп көңіл бөлуіңіз керек.
Қорыта келе, менің жасаған іс-әрекетімді, оқиғамды оқыған жастарға айтарым, қандай жағдай болмасын өз өміріңізге қауіп төндірмеуіңіз қажет. Баршаңызға амандық тілеймін», - деп сөзін түйді Әмір Сағындықов.
Айта кетейік, Әмірмен болған жағдай туралы, Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ілияс Түстікбаев хабарлаған болатын. Ол студенттің тәртіпсіздік құрбаны емес, адам өміріне араша түскен азамат екенін айтты.
«Ауруханада оған барлық көмек көрсетілді. Қазақстан студенттерінің альянсы қиын-қыстау кезеңде студенттермен тікелей байланыста болуға тырысты. Бұл оқиғаны біз Әмірдің өз аузынан естідік. Оның айтуынша, баланың тамыр соғысы болмағандықтан, студент жігіт алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Балада геморрагиялық шок болған, тамыр соғысы байқалмаған. Осы кезде Әмірдің аяғына оқ тиген», - деді студенттер альянсының төрағасы.
Ілияс Түстікбаев осы сәтті пайдаланып жастарды сақ болуға шақырды.
«Құрметті студенттер, жастар! Біздің жанымыз ашып, үйде отырыңдар деген сөздер бос еместігіне тағы куә болып отырсыздар. Араңдатуға ермей, тәртіпсіздікке қатыспау керек. Әмір тәртіпсіздіктің құрбаны ғана емес, осы қиын-қыстау сәтте адамдарға көмек қолын созған азамат», – деді ол.
Айта кетейік, 5-7 қаңтар күндері Қазақстанның бірнеше қаласында болған тәртіпсіздіктер кезінде 225 адам қаза тапты. Мыңдаған адам зардап шеккен. Алматы, Талдықорған, Қызылорда қалаларында әкімдік ғимараттары өртеніп кеткен.