Қазақстандықтардың алпауыт елдерге қатысты пікірі қандай?

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандықтардың дені үш державаның ішінде Ресейді жақын ел ретінде қарастыратыны белгілі болды

Газета.ру

АҚШ, Қытай және Ресей сияқты әлемдегі алып мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейе түсуде. Осы жарыста Орталық Азияның да арена ретіндегі рөлі қатар күшеюде. Өңірдің саяси өзгерістерін зерттейтін сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия өзіндік «хаб» болып үлгерді. Өзінің ықпалын 1990 жылдардың ортасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы арқылы күшейте бастаған Қытай үшін бұл өңірдің маңызы жоғары. Өңірлік интеграцияға жетекшілік ету амбициясы бар ресми Мәскеу де өзін көшбасшы санайды. Өзінің әскерін Ауғанстанда шоғырландырған АҚШ үшін де Орталық Азия бөтен болған жоқ.

Осылайша, америкалық сарапшы Марлен Ларюэль айтпақшы, «Орталық Азия мемлекеттері сыртқы қысымға төтеп беріп қана қоймай, алып мемлекеттер арасындағы бәсекелестікті өздерінің пайдасына жұмсады». Оның әріптесі, америкалық сарапшы Александр Кули бұны «Алыптар ойыны, жергілікті ережелер» деп атағаны тағы бар.

Алайда, Орталық Азия елдерінің азаматтары алып мемлекеттерге қатысты пікірі қандай деген де заңды сұрақ туындауы мүмкін. Азаматтардың көзқарасы қаншалықты оң немесе теріс? Осы мәселенің аясында америкалық Kennan Cable орталығы қоғамдық пікірді анықтау мақсатында жүргізілген зерттеу нәтижелерін жариялаған.

Зерттеу барысында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан азаматтарына үш державаға қатысты көзқарасын 100 баллдық шкаламен бағалауын сұраған. Нәтижеге сәйкес, Қазақстан азаматтарының арасында үштіктің лидері Ресей (79 ұпай) екені анықталды. Екінші орында Қытай (58) болса, үшінші орынға АҚШ (51) жайғасқан. Сауалнамаға қатысқан елдердің ішінде ең позитивті, яғни шкаладағы ең жоғары бағалар Түрікменстан азаматтары тарапынан берілген. Мысалы, бұл ел азаматтары арасында Ресей 92 ұпайға ие болған. Айта кетерлігі, Қытайға қатысты ең төменгі баға қырғызстандық респонденттер тарапынан берілген (54). Бұл ел азаматтарының АҚШ-қа деген көзқарасы да басқа елдердегі азаматтардың берген бағасына қарағанда төмендеу – 53 ұпай.

«Ресей, Қытай және АҚШ сияқты алып мемлекеттерге қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?» деген сұраққа респонденттерге «өте жағымды», «жағымды», «білмеймін», «теріс» және «өте теріс» сияқты жауап нұсқалары берілді.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Қазақстан азаматтарының едәуір басым бөлігі Ресейге оң көзқарас танытты. Нақтырақ айтар болсақ:

Ресейге Қазақстан азаматтарының 86%-ы оң (39% «өте жағымды» және 47% «жағымды» деп жауап бергендердің қосындысы), 9%-ы теріс қарайтынын айтса, 5%-ы жауап беруге қиналған.

Қытайға оң көзқарас танытқандардың үлесі едәуір аз – 60%. Теріс пікір ұстанатындар да Ресейге қарағанда үш есе көп – 30%.

АҚШ-ты да «жақтыратындар» 60%-ды, «жақтырмайтындар» үлесі 40%-ды құраған екен.

Халықаралық саясаттану ғылымында «жұмсақ күш» ұғымы кең тараған. Яғни қандай да бір алпауыт ел өзінің мәдениеті, технологиясы немесе білім беру жүйесі арқылы өзге елдерді өзіне тартымды ете білу қабілеті. Осыған орай, сауалнама барысында «Өзіңіз немесе балаңызды төменде көрсетілген елдердің қайсысында білім алғанын қалайтын едіңіз?» деген сұраққа да қызық жауаптар алынды. Әрбір үшінші респондент, яғни 35%-ы білім алуға қолайлы жер ретінде Ресейді атаса, әрбір төртінші қазақстандық АҚШ-ты таңдаған (24%). Білім алуға тартымды жер ретінде Қытайды әрбір бесінші респондент таңдаған (19%). Айта кетерлігі, Ресейдің білім жүйесі ең үлкен қолдауға ие болған ел Тәжікстан болып шықты: сауалнамаға қатысушылардың тең жартысы ресейлік білім жүйесін мойындайтынын жеткізген (49%).

Осы тақырыптың аясында Фридрих Эберт қоры жүргізген зерттеуге де назар аударып көрелік. Зерттеу орталығының жазуынша, жастардың халықаралық державаларға көзқарасы мен пікірі әртүрлі және онысы жастардың жасына, тұрғылықты жеріне, этносына байланысты. Мысалы, жастар Еуроодаққа оң көзқарас білдіргені анықталған. Жастардың ойынша, ЕО – оқу мен жұмыс істеуге лайықты қолайлы мекен (28,9%). Әрбір бесінші Еуроодақты дос ретінде, 2,1%-ы жау ретінде көреді екен. Еуропалық Одақты сауалнамаға жауап берушілердің 17,3%-ы демократия құндылықтарының, 15,3%-ы бостандықтың, 13%-ы адам құқықтарының моделі деп таныған.

Сондай-ақ Қазақстан жастарының АҚШ туралы көзқарасы да осыған ұқсайды, бірақ ЕО-мен салыстырғанда АҚШ-ты жау ретінде және ықтимал қауіп ретінде бағалайтындар үлесіс азырақ (6,6% және 12,3%), ал дос ретінде көретінде салыстырмалы түрде көп (17%), сондай-ақ қолдаушы ретінде көретіндер көрсеткіші – 8%. АҚШ-ты оқу мен жұмыс істеуге салыстырмалы түрде жақсы мүмкіндік беретін ел ретінде бағалайтындар – 27,4%. Жастардың ЕО мен АҚШ-қа қарағанда Ресей туралы пікірі әлдеқайда жағымдырақ. Ресейді дос ретінде көретіндер 56,8%, «үлкен аға» ретінде көретіндер 20,8%, ал қолдаушы деп танығандар 23,3%-ды құрады. Тиісінше, жауап бергендердің басым көпшілігі Ресейге жау немесе қауіп ретінде қарамайды (бұлай қарайтындар саны 0,2% және 2,6%). Бір қызығы, Ресейді демократияны (4,7%), бостандықты (4,6%) дәріптеуші, адам құқығын сақтаушы ел (3,5%) ретінде көретіндер үлесі тым аз.

Ең соңғы орында Қытай тұр. Қазақстан жастарының көпшілігі Қытайға теріс көзқарас танытатыны осы зерттеуде де белгілі болды.

Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі Қытайды «жау» (17,9%) және «ықтимал қауіп» ретінде (33,5%) қарастыратынын жеткізген. Керісінше, 14,4%-ы ғана Қытайды дос деп санайды. Қытайды қолдаушы (6%) ретінде бағалайтындар да саны аз. Бұл жайт «Қытайдың Қазақстанға құйған инвестициясы артып келе жатқанына, Қытайдың «Жібек жолы» жобасының Қазақстан экономикасына кері әсеріне байланысты болса керек», - деп топшылайды сарапшылар. Ресей сияқты, Қытайды да демократияны (4,3%), адам құқықтары (3,4%) мен бостандығын (3,9%) сақтаушы ел ретінде қарастыратындар өте аз.

Сауалнама барысында жастарға ЕО, БҰҰ, НАТО, ЕЫҚҰ және Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық ұйымдарға қаншалықты сенім білдіретіні жөнінде сұрақ қойылған болатын. Айта кетерлігі, зерттеу нәтижесі жастардың көпшілігінің бұл ұйымдарға сенімі тым төмен екенін көрсетті. Мысалы, ЕО-ға Қазақстан жастарының 27,3%-ы ғана сенім артса, сенбейтіндердің үлесі 29,6% құраған.

Жастардың көпшілігі Қазақстан мүше болып отырған БҰҰ-ға да сенім артпайды (сенетіндер – 28%, ал мүлде сенбейтіндер – 18,5%). Сонымен қатар, ЕЫҚҰ ұйымына жастардың 25,5%-ы ғана сенім білдіреді. Бұл ұйымға Қазақстан 2010 жылы төрағалық етсе де, жауап бергендердің 31,5%- ы бұл институтқа сенімсіздігін білдірген. Қазақстан жастарының НАТО мен Халықаралық валюта қорына да сенімі де төмен. 34%-ы НАТО-ға мүлдем сенім артпаса, 25,3%-ы ғана оң пікір білдірген. Халықаралық валюта қорына артар сенімі де осы көрсеткішке ұқсас: 31,4%-ы сенбейді, 25,3%-ы ғана сенім артады. «Қазақстан жастарының халықаралық ұйымдарға сенімінің төмен болуы Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларының Қазақстанға жанама әсер еткенінен болса керек», - дейді авторлар.