Қандай да бір бұзушылықтарға жол берген үміткер конкурстан шеттетіледі
Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің сөзінше, аталған өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты орын алатынын болжау қиын емес. Бұдан былай білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетін болады. Бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес. Байқауға біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысады», - деп жазды Аймағамбетов.
Сондай-ақ, үміткер қандай да бір бұзушылықтарға жол беріп, оның ішінде педагогикалық этика нормаларын дұрыс сақтамаған болса және нақты фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі.
Тағы бір айта кетерлігі, ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған.
«Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз екенін атап өткен жөн. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте «педагог» бірінші санатын алуға міндетті. Педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді», - деді министр өз жазбасында.