Ресей Украинамен шекаралас маңайда өз әскерін шоғырландыруда

Автор: Azattyq Rýhy

Батыс бұл әрекетті Украинаның біртұтастығына қарсы жасалған тағы бір қауіпті қадам деп бағалап отыр

АҚШ және Еуропа елдері Ресейдің Украина маңына әскери күшінің шоғырландыруын түсіне алар емес. Ақ үй мен НАТО альянсы бұл әрекетке қандай жауап беру керегін білмей отыр.

Конргесстегі республикалық партия өкілдерінің кейбірі Ақ Үйге Украинаға әскери қолдау көрсету керегін айтып, талап қоя бастады. Бірақ бұндай көмекті Президент Владимир Путин күш көрсету деп қабылдап, аймақтағы тайталастың бұрынғыдан да өршуіне әкелуі мүмкін. Тиісінше, Украина қауіпке душар болып, бұл Еуропа үшін үлкен энергетикалық дағдарыстың бастауы болуы мүмкін. 

«Путин мырзаның не ойластырғанын біз білмейміз», – дейді АҚШ Қорғаныс министрі өзінің мәлімдемесінде. Ал одан бұрын АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де ресми Мәскеудің нені көздегенін анық түсінбейтінін, алайда оның қандай сценариймен әрекет ететінін білетінін айтқан болатын. 

Иллинойс штатынан сайланған демократ және Өкілдер палатасының барлау комитетінің мүшесі Майк Куигли Путиннің ниетін жақсырақ түсіну «үлкен соғыстарға жетелеген қателіктерді болдырмау үшін» маңызды деп есептейді. 

Айта кетейік, Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін басып алды. Ал Донбасс аймағында Киев пен ресейшіл көтерілісшілер арасында жалғасып жатқан қақтығыс 14 мыңға жуық адамның өмірін қиды. Қазір Украина 115 000 ресейлік әскердің өз шекарасы маңында шоғырланғанын айтып отыр.

Батыс баспасөзінің хабарлауынша, бұл шоғырлану Ресей басқыншылығының алғышарты болуы мүмкін. Осы айда Украина сыртқы істер министрімен кездесуде Блинкен айтқандай, Ресей ең алдымен шекараның жанына әскер жинап, содан кейін «арандатушылық жасалды деген желеумен» көрші елге басып кіруі ықтимал.

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг те альянстың Украина шекарасында ресейлік күштердің шоғырланғанына алаңдаушылық білдіріп, Мәскеу бұрын да көрші елдерге шапқыншылық жасау үшін дәл осындай сценарийді қолданғанын ескертті.

Ресми Мәскеу болса жымысқы пиғылы жоқ екенін айтып, өз шекарасы маңында НАТО-ның белсенділігінің артуына және Украина армиясының күшеюіне жауап беріп жатқанын айтып отыр.

«Батыстағы серіктестер Киевке адам өлтіретін заманауи қару-жарақ жеткізіп қана қоймай, Қара теңізде ғана емес, біздің шекарамызға жақын басқа аймақтарда да әскери жаттығулар өткізу арқылы жағдайды ушықтырып жатқанын ескеруіміз керек», – деді Кремль басшысы өз мәлімдемесінде. 

АҚШ Украина мен НАТО альянсы ынтымақтастығы аясында Қара теңізге кемелерін жіберіп, қыркүйекте жарияланған 60 миллион долларлық пакеттің бір бөлігі ретінде соңғы апталарда Киевке әскери жабдықтар ұсынды. Ал 2014 жылдан бері ресми Вашингтон Украинаның қорғанысын нығайтуға жалпы сомасы 2,5 миллиард доллардан астам қаражат бөлген.

Тегтер: