Бауыржан Байбек Елбасының Nur Otan партиясы Төрағасы лауазымын тапсыруына қатысты пікір білдірді
Н.Назарбаев Nur Otan партиясына 22 жылдан бері жетекшілік етіп келген
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Төрағасы лауазымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруға шешім қабылдады. Осыған байланысты партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Azattyq Ruhy тілшісіне эксклюзивті пікір білдірді.
Оның айтуынша, төрағалықтың Мемлекет басшысының қолына өтуі – заңдылық. Өйткені, Қасым-Жомарт Кемелұлы партия құрылған уақыттан бастап оның басы-қасында келеді.
«Билеуші партияның Төрағасы лауазымын Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсыру – бұл заңдылық, қазақстандық билік транзитіне толықтай сәйкес келетін шешім.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Nur Otan» құрылғаннан бастап оның басы-қасында. Ұзақ уақыт партияның басқарушы және маңызды шешімдер қабылдаушы органы – Саяси Кеңес Бюросының мүшесі болып табылады.
2019 жылы Президент лауазымына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы осы «Nur Otan»-нан ұсынылды. Соңғы парламент сайлауында партия Мемлекет басшысы өзі жария еткен сайлауалды бағдарламамен айқын жеңіске жетті. Сол берілген уәделерді орындау – билеуші партияның қазіргі уақыттағы басты міндеті», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, қазір «Nur Otan» қоғамды Президентіміздің Мемлекеттік бағдары төңірегіне топтастыруы қажет.
«Бұл шешім ел ішіндегі және сыртындағы барлық тараптарға биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына толықтай берік екендігін көрсетеді. Қосарланған билік туралы айтылған барлық негізсіз пікірлер мен орынсыз ұйғарымдарды теріске шығаратын қадам.
Елбасының ел үшін және билеуші партия үшін осындай маңызды шешімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қабылдауы үлкен символдық мәнге ие деп білемін», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.