$ 517.84  543.11  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қандастарды қашып кетті деу – сауатсыздық». Зиялы қауым коммунист Жамбыл Ахметбековтің мәлімдемесін айыптайды

Депутат шеттен келген қандастарды айыптап, ауыр сөз айтқан болатын

«Қандастарды қашып кетті деу – сауатсыздық». Зиялы қауым коммунист Жамбыл Ахметбековтің мәлімдемесін айыптайды
Фотоколлаж

Былтыр 10 қаңтарда Қазақстанның халық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына сайланған Жамбыл Ахметбеков қандастардың намысына тиетін мәлімдеме жасады. Бұрыннан «Қазақстан коммунистік халық партиясы» деген атпен танымал саяси ұйымның өкілі 2011 жылы және 2019 жылы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеліп, сайлауға түскен болатын. Одан кейін Мәжіліс депутаттығына сайланып, осы күнге дейін заң шығарушы органның бір мандатына ие.

Жамбыл Ахметбеков 18 қараша күні «ORDA LIFE» YouTube арнасына берген сұхбатында жүргізушімен кеңестік билеп-төстеу саясаты, қазаққа қолдан ашаршылық жасау, репрессия және бас сауғалап амалсыз шетел асқан қандастар туралы сөз қозғады. Журналист депутаттан: «коммунистік партия өкілі ретінде халықтан кешірім сұрау ойыңыз бар ма» деген сауал қояды. «Ол кезде халықты мен қырған жоқпын және біздің партия қырған жоқ. Сондықтан кешірім сұрайтын жөніміз жоқ. Ал, бұрынғы тәжірбие жасаған адамдар қоғам алдында жауап берген де шығар. Коммунистік идеологияны – коммунистік тәжірбиемен шатастыруға болмайды. Коммунистік идеологияның ақшылдығы, тазалығы, халыққа қызмет етуі бір бөлек», - деп сөзін сабақтайды Ахметбеков.

Осы сұхбат барысында депутат өткен ғасырдың басында «қызылдардың» озбырлығынан шетел асқан қазақтарды «қашқындар» деп атайды. Сөз арасында «олар ел басына күн туса, ертең де қашып кетеді» деген пікірін қосады.

«Кезінде ел басына күн туған кезде қашып, басқа жаққа кетті. Енді Ауғанстанға күн туған кезде қашып бізге келейін деп жатыр. Кешірсін, әрине. Амалсыз кетті ғой. Ертең ел басына күн туатын болса, біздің арамыздағы сол адамдар тағы да қашып басқа жаққа кетеді. Бізді қорғайтын, туды ұстап жанын пида ететін адамдар аз болады. Сондықтан олардың келуі мен кетуіне екі түрлі қарау керек. Оларды жақсылап тексеру керек. Олар келді. Айыбы жоқ, келсін...

Алаш батырлары дей ма, қазір Алаш арыстары деп аталады, өзіміздің ителлигенцияның кетіп қалғаны өкінішті-ақ. Бірақ, олар дер кезінде өздерінің қандай жүйеге келгенін, Совет одағы сол кездегі түпкілікті болмаса дағы, жетпіс жыл болды ғой, сол кезде басқа тактикамен қызмет атқаруы керектігін түсінулері керек еді. Ол тактиканы бұлар таба алмай, қарсы шығып, түпкі мақсатын түсінбей отырып, бірден қарсы шыққанан кейін, әрине, бір-біріне жала беріп, атылып кетті», - деген ой айтады коммунист.

Ашаршылық жылдары халықты коммунистік партия қырған жоқ – депутат

Қазақстанның заң шығарушы органында отырған белгілі тұлғаның бұл мәлімдемесімен келіспейтіндер жетерлік. Тіпті, депутаттың орнынан кетуін талап еткендер де БАҚ беттерінде сұхбат беріп, бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Лениндік-сталиндік зұлматты бастан кешірген, сол кезеңдерде қырғынға ұшыраған Қазақстан секілді елде дәл сол большевиктік-коммунистік партияның болуы әрі биліктің қолдауына ие болуы – тарихи, саяси нонсенс, деп жазып жатқандар баршылық.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі қиын-қыстау заманда алыс-жақын шет елдерге қоныс аударған қандастарымыздың бүгінгі ұрпақтары мен тарихшылардың пікірін тыңдады. Жазушы Жәди Шәкен саяси ұйымның өкілі Жамбыл Ахметбековтің бұл мәлімдемесін іштен іріту және ұлтты қаралау деп есептейді. «Коммунистік жүйені дәріптеу арқылы бүтіндей бір ұлттың тарихын жоққа шығарып, тамырына балта шабатын адамдарға біздің қоғамда орын жоқ. Парламент мінберінен сөз сөйлеу бұл өзінің ғана емес, мемлекеттің абыройына саятын іс», - дейді қаламгер.

«Ұлттық деңгейдегі ойлаудың кемдігі, ұлтты кінәлау, қаралау, бұл – баяғы кіңесшіл идея сойылын соғарларының сарқыты. Аты депутат болғанмен өзі сатқын, ойлау жүйесі шеңберленген кісілер өзінше ойлайды. Халық тағдыры туралы толық білмесе де білгенсіп, халқына күйе жағады. Жер бетіндегі зұлымдықтың ұясы болған коммунизмді, коммунистік жүйені дәріптеу – ұлт тамырына балта шапқандарды тірілтуге ұрыну. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін өте қауіпті жағдай. Біз ұлтты, ұлттық бітім-болмысымызды іздеп шаршап жүрсек, іштен ірітерлік, жат пиғылды сөз айту Ахметбековтің сауатсыздығы. Ол кім болса ол болсын, ұлтты қаралауға, бөлуге, қаңсық жүйені таңсық көруге қақысы жоқ.

Аз ғана қазақ ойдан ойып, қырдан қырып, басын қосып, ел болып отырғанда сатқындардың алалауына жол бермеуіміз керек. Ұлт сатқындары қай кезде де болған, бірақ тәуелсіз қазақ елінің Парламенті мінберінен сөз сөйлеу – бұл өзінің ғана емес, мемлекеттің абыройына саятын іс. Сондықтан ұлтты ойлау, мемлекетті ойлау ірілікті қажет етеді. Ұсақ, бықсыма сөз, пікірлер айту атаңды сату, ботаңды сату, опасыздық қана», - дейді Жәди Шәкен.

Қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан болса депутаттың әрекетіне ресми билік, оның ішінде Президент әкімшілігі тиісті жауап қатып, баға беруі керек деп есептейді. Тіпті, парламенттен шеттетуі керек деп есептейді.

«Қазақ айтады «ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» деп. Мына тәуелсіз Қазақстанда қанға боялған туды көтеріп жүрген адамдардан ақыл сұрау да ақымақтық. Ахметбековтен бұдан басқа сөз де күтпеймін. Себебі ары жоқ, көкірегінде намысы жоқ адам бәрібір осындай сөздерді айтады. Сау адам болса қазақты қынадай қырған Сталин мен Лениннің мүсіндеріне құдайдай табынбас еді. Тәуелсіз елімізде мұндай адамдардың болғаны өкінішті болса, олардың, бұндай адамдардың парламентте отыруы он есе өкінішті.

Мынау әрекеті Тәуелсіздіктің 30 жылдығына сын. Қазақтың арғы-бергі тарихында осы жерді қорғамай қашып кеткен ешкім жоқ. Шекараның арғы-бергі жағы саналғанмен өзінің тарихи жеріне жайлаған халық. Жайлаудан – қыстауға, қыстаудан – жайлауға көшуі қазақтың баяғыдан бар дәстүрі. Сондықтан қашты деп жүрген Ахметбековтердің алжыған әңгімесіне нүктені билік қою керек. Билік басында алаштықтардың әр сөзін өзіне үлгі қылатын азаматтар да жүр. Оны депутаттық мандатынан айыру керек. Кеңес Одағының ыдырауы қателік болды деп санайтын адамдарды тәуелсіз Қазақстанның парламентінде отырғызу ұят! Сондықтан саяси жазасын беру керек деп ойлаймын», - дейді қоғам белсендісі.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Қойшыбаев елден ауып кеткен қазақтарды «қашып кету» емес ығысты, мәжібүрлі түрде шекара асты деп айтқан орынды болады дейді. Ал үлкен мінберде отырып, халық ішіне жік салып, өз қазағын өзіне жеккөрінішті етуді сауатсыздық деп бағалады.

«Әрине, қашып кету деп айтуға болмайды. Еріксіз кеткендер еді. Шамасы жеткендер ғана ығысты. Оларды кетуге мәжбүр еткен сол коммунистік партияның өзі болатын. Совет Одағы коммунистік партиясының басқаруындағы қуыршақ мемлекет – қазақ республикасының қолымен орталықтан жасалған саясат. Сондықтан оларды қырғынға ұшыратып, кетуге мәжбүрледі. Ол жақта бұрыннан тұрғандар болды, ал осы жақтан барғандар диаспора болды. Ашаршылық, ұлт-азаттық көтеріліс кезінде ығысқандарды бүгінгі коммунистік партия ізбасарымыз деп отырғандардың олай деуі – ұят әрі сауатсыздық. Себебі бар кінә осы партияның өзінен болды. Қайта құру кезінде, тоқсанынышы жылдары оларды қырған біз емес, қатысымыз жоқ деуші еді. Солардың ізбасарлары ретінде жауап беруі керек.

Адал адам болса, керісінше мойындап солақай саясат жүрді, біз олардың шетке кеткені үшін өкінеміз, кешірім сұраймыз десе, бір жөн. Жепіс бір жыл ел басқарып, көпекөрнеу қырғынға ұшыратып, енді біздің қатысымыз жоқ деп айтуы, сыпайы айтқанда – ұятсыздық. Жамбыл Ахметбековтің бұл айтқаны тым артық. Ол тарихты білмейді ме? Нағыз жауапсыз адам. Оны моральдық тұрғыдан айыптап, ұялту керек. Оны біреу жауапқа тарта қояды дегенге сену де қиын. Иә, коммунистік партияның халыққа жасаған жақсылығы да болды ғой. Білім алдық, қызметтері өсті, бірақ оның барлығын халыққа жасалған геноцид ақтай алмайды», - дейді Бейбіт Қойшыбаев.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі бұл мәселеге қатысты депутаттың өз пікірін тыңдап көрмек болды. Бірақ, Жамбыл Ахметбековпен байланысу мүмкін болмады.

Серіктес жаңалықтары