Ашаршылық жылдары халықты коммунистік партия қырған жоқ – депутат

Автор: Azattyq Rýhy

«Лениннің мүсіндері әлі бар, кабинетте тұрады. Бағдарламаларымыз маркстік-лениндік идеяда жазылған»

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаткер, Қазақстанның халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков ORDA LIFE ютуб арнасына сұхбат беріп, коммунистік партия туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат өткен жылдың басында ребрендинг жасап, партия атын «Халық партиясы» деп өзгерткенін айтты.

«Қазір коммунистік идеяны әзірейіл көреді. Өзінің жұмысын ақтау үшін, өткенді жамандау керек. Адамның жақсы өмір сүру деңгейі үшін коммунистік идея қалады. Партияның аты өзгергенмен заты өзгерген жоқ. Лениннің мүсіндері әлі бар, кабинетте тұрады. Бағдарламаларымыз маркстік-лениндік идеяда жазылған», – деді депутат.

Жамбыл Ахметбеков ашаршылықтан қырылған адамдар саны мен репрессияға ұшырағандар санында қателік бар екенін, оның айтылып жүрген мөлшерден аз екенін баса айтты.

«Халықты мен қырған жоқпын, коммунистік партия қырған жоқ. Коммунистік идеология мен коммунистік тәжірибені шатастырмау керек. Аштықтан қырылғандар саны қазір 4 млн, кейін 6 млн, 8 млн болып кететін шығар. Негізі, 700 мың адам репрессияға ұшырады. Соның 25 мыңы атылған. Ол кезде жалпы қазақтың саны 4 млн болатын. Кезінде ел басына күн туғанда кетіп қалғандар енді оралып жатыр. Ел басына күн туса елді қорғайтындар аз болады. Келсін, біздің партияның еш қарсылығы жоқ. Алаш қайраткерлері Кеңес одағына басқа тактикамен қарсы шықпай, бірден қарсылық білдірген соң атылып кетті», – деді Ахметбеков.