«Бір қолымен беріп, екінші қолымен алды»: саясаттанушылар Ердоғанның әрекетін сынады

Автор: Асқарбекұлы Ришат

Түркия президенті сыйға қабылдаған түркітілдес елдердің картасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр

Фото ашық дереккөзден

Ұлтшыл қозғалыс партиясының жетекшісі Дәулет Бахчелінің Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға «Түркі әлемінің» картасын сыйға тартқаны туралы ақпаратты Ресей басылымдары қызу талқылап жатыр. Түркі әлемінің картасында Ресейдің жарты аумағы сары түспен бейнеленіп, осы елдің аумағында отырған халықтар көрсетілген еді. Ресей Федерациясының басты ақпарат агенттіктері мен телеарналары бұл хабарды жарыса таратты. Бірақ Кремль пропагандасын насихаттайтын журналистер мен саясаткерлер әзірге қандайда бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Бахчелінің картаны Ердоғанға тарту етіп жатқаны түсірілген фото партияның Twitter-дегі парақшасында жарияланған. Анкара да бұған қатысты ресми мәлімдеме жасамады. Картада Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан қызыл түспен белгіленген.

Сонымен қатар, қызғылт сары түспен Балқан түбегінің кейбір елдері, Иранның бір бөлігі, Ресейдің оңтүстік аймағы, Сібірдің көп бөлігі және Моңғолияның батыс бөлігі боялған. Сары түспен Алтай, Якутия және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы белгіленген. Парақшада бұл түстердің нені білдіретіні жазылмаған. Түркияның Cumhuriyet басылымының жазуынша, Бахчели мен Ердоған түрік басшысының сарайында кездескен. Олардың кездесуі 45 минутқа созылған.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі бұл ақпаратқа байланысты қазақстандық саясаттанушылардан пікір білдіруді сұраған. Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының президенті Есенжол Алияров Түркі кеңесінің ұйымға айналып, мүмкіндігінің көбеюі қуанарлық жағдай екенін айтады. Оның пікірінше, Түркі ынтымақтастығы керек және ол дер кезінде қолға алынып отыр. Бірақ осы ұйымның құрылуына мүдделі болған Режеп Тайып Ердоғанның кейде тым артық әрекеттерге баратынын сынға алды. «Түркі әлемінің» картасын сыйға алуы және оны насихаттауға әлі ерте, бұл провокацияның бір түрі, деп санайды саясаттанушы.

«Түркі мемлекеттерінің кеңесін түркі елдерінің ұйымы деп құрды. Шешім қабылданды. Түркі одағының болуы позитивтік жағдай. Бұл елдер бір-бірін экономикалық, мәдениет тұрғысынан қолдауға келісті. Қарулы күштерін де террорлық әрекеттерге, басқа да агрессияға қарсы қолдануға көмекке келуі керек дегені дұрыс. Ынтымақтастық орнап жатыр делік. Бірақ мына екінші қадамы (картаны қабыл алуы – авт.) сол құрылған ұйым бастамасына салқынын тигізеді.

Мысалы Ердоғанның башқұрт, татар, қырым татарлары, ноғайлар орналасқан аймақтар кірген картаны жариялы түрде қабылдап, елге паш етуі – қателік. Айталық, Түркияның картасын жасап, ол жерге күрдтердің орналасқан жерін ерекшелеп бөліп қойса не болар еді? Ердоғанның реакциясы қалай болар еді? Мұны экстремистік әрекет деп қабылдауға да болады. Ресейдің құрамында отырған елдерді түркі әлемінің картасына кіргізуі – провокация деп ойлаймын. Бірақ тәуелсіз елдерге немесе бір елдің құрамында отырған халықтарға рухани жағынан салтын сақтауға, мәдениетін дамытуға қолдау жасаса бір жөн. Ал бүгінгідей әрекеті, яғни картаны жарыққа шығаруы – дұрыс емес. Мысалы, қытайлар Балқашқа дейінгі жерді біздікі деп бір карта жасап, таратып келеді. Сонда біз қалай ашуландық. Сосын Жириновский, Никоновтар мәлімдеме жасаса, қандай күйде боламыз? Дәл сол сияқты орыс әлемі де бүгінгі Едоғанның әрекетіне ашулы әрі негативпен қарайтын болады. Жаңадан құрылып жатқан түркі мемлекеттерінің ұйымының жұмысына кедергі жасайтын қадам деп санаймын», - дейді Е.Алияров.

Саясаттанушы Серік Нұрмұратов болса Түркия президентінің бұл қадамынан айтырлықтай саяси астар көрмегенін айтады. Себебі, картада сарымен көрсетілген аумақтарда шынымен түркі халықтары мекендейді. Алтай, Якутия және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аудандары Түркия құрамына кірсін деген мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Ол жердегі халықтардың мәдениеті мен салт-санасы құрып кету алдында тұр. Сол бағытта көмек көрсетеміз, сіздерді қолдаушылар бар – ол «түркі әлемі» дегенді меңзеп тұрса керек дейді С.Нұрмұратов.

«Енді XXI ғасыр келді. Ұлттық сана көптеген халықта өрлеп келе жатыр. Бұрын мысалы, өткен ғасырда үлкен дүниежүзілік соғыстардың кесірінен қалыпқа келу, тәуелсіздіктерін жариялау салдарынан толыққанды түркі мемлекеттері қалыптаспаған еді. Түркия ғана шамалы күштілеу болды. Қалғандары әр одақтың құрамында отырды. Құдайға шүкір, отыз жыл өтті. Тәуелсіздік нығайды. Сондықтан Түркияның жасап жатқан қадамы бір жағынан заңды. Өйткені тілі және діні ұқсас, менталитеті ұқсас халықтар бір-біріне жақын болуы керек. Олар бір-бірін қолдап, мәдени сұхбатта болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда одақты, ықпалдастықты қолдауға болады.

Бірақ, державалардың державалық пиғылы, үстемдігі мен маңызын арттыру бар. Ол Қытай, Америка, Ресей. Өткен ғасырда Германия осы жолды таңдады. Ресей әрине бұл бастамаларды қолдауға құмар емес. Егер құрамындағы түркілердің құлағын көтере берсе, ұлттық біртұтастық ыдырайды деп есептейді. Сосын, империя жіктеледі деп қорқады. Оны Жириновскийден бастап бәрі ашық айтып жүр. Олар айтты екен деп түрік әлемінен алшақтануға болмайды. Реті келсе, әскери одақ емес әлеуметтік, мәдени қатынастар керек. Онсыз біз этникалық келбетімізді жоғалтып аламыз. Мысалы, Қорқыт ата ортақ тарихи тұлға, ол туралы аңыз түркімен, әзірбайжан, бізге де ортақ. Алпамыс жыры өзбекке де, қазаққа да ортақ. Сондықтан бұл қадамды қолдауымыз керек. Алдау-арбауға бармай-ақ ашық түрде қарым-қатынас орнатуға біз тәуелсіз ел ретінде толық құқылымыз. Бір-бірімізге жетпеген нәрсені экономикалық тұрғыдан, мәдени тұрғыдан толықтырып тұрамыз. Негізгі басымдылықты осы мәдени жағына бөлу керек. Сонда қауіптенген, үрейленген өзге көршілеріміздің жүрегі орнына түседі деп ойлаймын», - дейді Алматыдағы Саясат және философия институытының қызмектері.

Еске салсақ, 12 қарашада Ыстанбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтті. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өткен саммитке Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Жиында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгертілетіні жарияланған.