Сбербанк Қазақстанның цифрландыру бағдарламасымен айналыспайды – Мұхтар Тайжан

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Аталған ақпаратты еліміздің Цифрлық даму министрлігі әлі ресми растаған жоқ

Ресейлік Сбер Қазақстанды цифрландырумен айналыспайды. Бұған дейін айтылған Egov пен Сбер интеграциясы жүзеге аспайтын болды. Бұл туралы құзырлы министрлік жанындағы сарапшылар кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан мәлім етті. Бірақ аталған ақпаратты Цифрлық даму министрлігі ресми растаған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Сбербанктің мамандары Қазақстанның цифрландыру бағдарламасымен айналыспайды. Енді Қазақстанның цифрландыру бағдарламасын отандық IT мамандары жүзеге асырады. Бұл ақпарат кеше Бағдат Мусин қатысқан жиында анық айтылды. Әлбетте бұл жұмыс үшін импортты компоненттер қажет болуы мүмкін. Көлік, жиһаз сынды өнімдерді шығару үшін импортты компоненттер керек және ол компоненттерді сатып ала алуымыз мүмкін. Ал өнімнің өзін Қазақстан компаниялары өндіреді. Барлық ақпараттық база Сбербанкке берілмейді және өз еліміздің аумағында сақталады. Сондай-ақ, Сберге ешкім 500 миллион төлемейді. Ақшаның көп бөлігі өз елімізде қалады, яғни, ол қаражат IT компаниялардың мамандарына айлық ретінде беріледі», -деді Мұхтар Тайжан.

Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі «Сбер цифрландырумен айналыспайтын болды ма, Тайжанның ресми мәлімдемесі рас па?» деген сауалымызға нақты жауап бермеді.

«Мусин қатысқан сарапшылық кеңестің басты мақсаты – платформалық үлгіге өту кезінде ІТ-қауымдастықпен бірге электрондық үкімет жүйесін жетілдірудің техникалық аспектілерін талқылауға қолайлы жағдай жасау. Бағдат Мусиннің айтуынша, барлық рәсімнің ашық және жариялы өтуі үшін ІТ-кеңестің құрамында ІТ-сала мен азаматтық қоғам өкілдерінің болуы аса маңызды.

Кеңес төрағасы Ростислав Коняшкин электрондық үкіметтің технологиялық модернизациясы бойынша ұсыныстар мен кеңестер жасау үшін жуырда сарапшыларға барлық ақпарат берілетінін айтты. Сондай-ақ ол сарапшылық кеңестің мүшелеріне платформалық жүйеге өтудің негізгі аспектілерін түсіндіріп, ЦДИАӨМ мен «ҰАТ» АҚ басшылығы бұл бағытта сарапшылармен жүйелі диалог орнатуды көздеп отырғанын мәлімдеді. Кездесуге келген бірқатар қатысушылар да цифрлық трансформацияны егжей-тегжейлі талқылап, ашық сөйлесудің маңыздылығына тоқталды», - делінген ресми жауапта.

Ал, Big Data and Analytics қауымдастығының президенті, Marketo компаниясының бас директоры Сергей Ахметов аталған жаңалық шындыққа жанаспайды дейді.

«Сбермен келісім жүргізілді және Сбербанк Egov-қа интеграциясыз жұмыс істей алмайды. Бұл мәселенің шешімі әлі ұзаққа созылуы мүмкін. IT қауымдастықта  кілең Бағдат Мусиннің таныстары мен достары, олардың арасында тәуелсіз компанияның мамандарын байқамайсыз. Еgov Қазақстанның өнімі емес екенін де түсіну керекпіз, Сбердің де Ресейдегі жұмысы бізден мықты емес. Ал, Мұхтар Тайжанның қоғам белсендісі ретінде Сбермен «келісім болмайды» деп шулатуы негізсіз сияқты. Бәрібір бізде интеграция болады және ол біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ешқандай нұқсан келтірмейді. IT қауымдастық пен сарапшылық кеңес мүшелері бұл мәселені «талқылады» дейді, бірақ олардың құрамындағы мамандар кімдер? Ешкім білмейді, өздері жиын құрып, өздері шешім қабылдай береді. Сбермен келісімге отырған кезде де бізбен ешкім ақылдаспаған»,-деді Ахметов.