Ғаламдық жасанды интеллект жарысында АҚШ Қытайдан 20 жылға қалып қойған

Автор: Azattyq Rýhy

Жасанды интеллект саласында бәсекелестік күшейе түспек

Бірнеше күн бұрын АҚШ Қорғаныс министрлігінің шенді қызметкері әскердегі технологиялық жаңарудың баяу қарқынына және «Қытайдың Американы басып озғанына» наразылық білдіріп отставкаға кеткені мәлім болды. Financial Times газетіне берген алғашқы сұхбатында Чайллан есімді экс-шенеунік АҚШ-тың қытайлық кибер қауіп-қатерлерге тойтарыс бере алмауын балаларының болашағы үшін қауіпті деп атаған. «Бізде Қытаймен 15-20 жылдан кейін күресуге мүмкіндік қалмайды. Бұндай мүмкіндік қазірдің өзінде жоқ», – деген болатын Пентагонның бұрынғы қызметкері. Маманның айтуынша, жасанды интеллект саласында Қытай Америкадан 20 жылға ілгері шығып кеткен.

37 жастағы Чайллан АҚШ Қорғаныс министрлігінің киберқауіпсіздігін күшейтуге 3 жыл жұмсап, АҚШ әскери-әуе күштерінің алғашқы бағдарламалық жасақтама директоры болған. Оның айтуынша, ресми Бейжің өзінің жасанды интеллект, машиналық оқыту және кибер-мүмкіндіктер саласындағы жетістіктерінің арқасында әлемде үстем болуда. Сонымен қатар, жаңа технологиялар Американың болашағы үшін F-35 сияқты бесінші буындағы ұшақтардың жабдықтарынан да маңызды дейді экс-шенеунік.

«Бұл қаншалықты соғыс екенін білмеймін, бірақ Қытай барлығын бақылауға алып, болашақта бүкіл әлемге үстемдік етуге оқталып отыр. Ал АҚШ-тың кейбір мемлекеттік органдарындағы киберқауіпсіздік «балабақша» деңгейінде», – дейді Чайллан.

Сондай-ақ ол Google корпорациясының Пентагонмен жасанды интеллект саласында жұмыс істегісі келмейтінін және Америка экономикасының өсімін бәсеңдету үшін AI (Artificial Intelligence) этикасы бойынша пікірталастар жүріп жатқанын айыптады.

Бұған қоса, Чайллан Қытай компанияларының ресми Бейжіңмен қоян-қолтық жұмыс істеуге мәжбүрленіп жатқандығын және ел билігінің жасанды интеллектке «жаппай инвестициялар» құйып жатқанын жеткізді. Ағымдағы жылдың маусым айында АҚШ Сенаты елде жасанды интеллект пен басқа да технологияларды дамытуға бағытталған «Инновация және бәсекелестік туралы» заңды мақұлдады. Америкада бұл салаға алдағы бес жылда бөлінуі тиіс 250 миллиард доллар шамасындағы қаражат – Қытаймен арадағы технологиялық инновациялар жарысында өте маңызды болады деген үміт бар. Заң қабылданғаннан кейін Джо Байден «21 ғасырда жеңіске жету үшін бәйгеге қатысып жатырмыз», - деп мәлімдеген болатын.

Ресми Бейжіңдегі шенділер өз мәлімдемесінде бұл заңды «Қытайдың дамуын жоққа шығарады» және «инновация мен бәсекелестікті ту етіп, Қытайдың ішкі істеріне араласпақ» деп сынға алды. Батыс барлаушыларының есебіне жүгінсек, әлемнің екінші экономикасы  Қытай алдағы онжылдықта технологиялардың саны бойынша, әсіресе, жасанды интеллект, синтетикалық биология және генетика салаларында дүниеде көш басына шығуы мүмкін.

Қыркүйек айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет жасанды интеллект жүйелерін сатуға және оларды пайдалануға мораторий енгізудің шұғыл қажет екенін айтқан.

Тегтер: