Джефф Безос қоры табиғи ландшафттарды қалпына келтіру үшін екі миллиард доллар бөлмек
Amazon негізін қалаушы Джефф Безостың экологиялық қайырымдылық қоры планетаны қорғауға екі миллиард доллар жұмсап, бұзылған табиғи ландшафттарды қалпына келтіруге және азық-түлік жүйелерін қайта құруға қаражат салады. Бұл туралы Глазгодағы Климаттық саммитте миллиардердің өзі мәлімдеді, деп жазады ВВС.
Безостың айтуынша, ол шілде айында ғарышқа бару арқылы табиғаттың нәзіктігін түсінді.
"Ғарыштан жерге қараған кезде атмосфера жұқа, ал әлем нәзік болып көрінеді. Бұл онжылдық біз үшін өте маңызды. Біз өз әлемімізді қорғау үшін бірігуіміз керек", - деді Безос.
Миллиардердің мақсаттарының бірі – топырақтың құнарлылығын арттыру, өнімділік пен азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту, суды тазарту, жұмыс орындарын құру, экономикалық өсуді жеделдету және көмірқышқыл газының шығарылуын азайту. Жалпы, қор климаттың өзгеруіне қарсы күреске 10 миллиард доллар бөледі.
Саммитте сөз сөйлемес бұрын, Безостың Африкадағы жерлерді қалпына келтіруге миллиард долларға жуық қаражат бөлу туралы жоспары белгілі болды. Миллиардердің шешіміне Уэльс ханзадасы Чарльзбен жеке сөйлесуі әсер етті. Британдық корольдік отбасының өкілі Безосқа орманды сақтаудың маңыздылығын сенімді түрде жеткізді.