Қырғызстан президентінің ұшағына Ұлыбританияға қонуға рұқсат берілмеді

Автор: Azattyq Rýhy

Оның ұшағы техникалық талаптарға сәйкес келмеген

Фото ашық дереккөзден

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ұшағы техникалық талаптарға сәйкес келмегендіктен Ұлыбританияға жіберілмеді. Глазгодағы Климаттың өзгеруі туралы саммитіне қатысуы тиіс Қырғызстан басшысына жеке ұшақты жалға алуға тура келді, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан президент әкімшілігіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы ұшып бара жатқан №1-ТУ-154 ұшағы Еуроодақ пен Ұлыбританияның техникалық нормаларына сәйкес келмейді. Осыған байланысты Қырғыз тарапына ұшақтың осы түрінің елге қонуы мүмкін еместігі туралы хабарланды. Талаптарға сәйкес, Қырғызстан делегациясының жеке ұшақпен ұшатыны туралы шешім қабылданды", - деді агенттік әкімшілік өкілінің сөзіне сілтеме жасап.

Sputnik ақпараты бойынша, Жапаров Глазгоға Embraer Lineage 1000 бизнес-класты жеке реактивті ұшақпен ұшты. Қазіргі уақытта Президент Ұлыбританияға жетті.

Айта кетейік, № 1-Ту-154 ұшағын Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевке 2006 жылы Ресей басшысы Владимир Путин сыйға тартқан. Ол 1993 жылы шығарылған.