Алматыда сарбаздар ғасыр жасаған соғыс ардагерлерін құттықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыда бүгінде көзі тірі 200-ден астам ғана Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалған

Алматыда сарбаздар ғасыр жасаған соғыс ардагерлерін құттықтады, деп хабарлады Azattyq Rýhy.

Ел тыныштығын күзетіп жүрген қорғаныс саласының қызметкерлері  бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлерін аралап, ғасыр жасаған жандарға алғыс білдірді.  

Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі мекеменің ақпаратынша, бүгінде көзі тірі 200-ден астам ғана Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалған. Майдангерлерге сый-сыяпат ұсынып, зор ықыласпен тілектерін арнады, тұрмыс-тіршіліктеріне қолғабыс етті.

«Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жаңа жыл мейрамы қарсаңында құттықтау бұрыннан келе жатқан дәстүрлі шарамыз. Әдетте,айына бір рет барып, қариялардың қал-жағдайларын біліп тұрамыз. Ол кісілерге біздің ықыласымыз қажет, денсаулықтары сыр бере бастаса да келгенімізді аңсап, күтіп отырады», - дейді Алатау ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы полковник Гаухар Сырлыбаева.