Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл 20 млрд доллардан асуы мүмкін
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Марат Хуснуллинмен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, транзиттік-көлік, құрылыс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастығының XVII форумы аясында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Келіссөз барысында көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейту және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа бағыттар аясындағы аймақтық көліктік өзара байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҚР Премьер-Министрі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өткізу пункттерін реконструкциялау арқылы көлік әлеуетінің тиімділігін арттыру қажет екенін атап өтті.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Биыл елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Осы жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты тауар айналымы 12,7 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 26,7%-ға жоғары. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл 20 млрд доллардан асуы мүмкін.