«Буран» дауы, Кенесарының басы, Дәурен Мұсаның жауабы, Ресейдің мүддесі туралы
«Буран» мәселесіне қатысты сот процесінің жүріп жатқанына үш жыл болды
Кеңес одағының соңғы ғарыш кемесі - Байқоңырдағы «Буранды» өздеріне қайтарғысы келетін «РосКосмостың» талап-тілегі халықаралық дауға ұласты. Аталған мәселеге қатысты сот процесінің жүріп жатқанына үш жыл болды. Қазір «Буран» тақырыбын ресейлік және қазақстандық БАҚ-тан бөлек, батыс басылымдары да жазып жатыр. Оған кәсіпкердің «Буранды» қазақтың соңғы ханы Кенесарының басына айырбастаймын» деген мәлімдемесі себеп болды.
БУРАН ЖЕКЕ МЕНШІККЕ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Azattyq Rýhy тілшісі «Буран» ғарыш кемесі Дәурен Мұсаның жекелігіне қалай өтті, Ресейге істен шыққан кеменің қажеті қанша, Кенесарының басын саудаға салу кімге қажет?» деген сауалдарды кәсіпкер Дәурен Мұса мен сарапшылардан сұрады.
Бастапқыда адвокаттарымен бірге барлық сұрақтарға толыққанды жауап беруге келіскен Дәурен Мұса кейіннен хабарласып, жауаптарды мүдделі топтар «контекстіден жұлып алып, өз пайдасына шешуі мүмкін» екенін мәлімдеді. Ал «қазақтың соңғы ханының басын саудаға салу хайп емес пе, «Буранның» құны қанша?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.
«Кенесарының басына мен «Буранды» айырбастауға дайынмын және бұл ешқандай да хайп емес. Хайп - Бағдат Мусин сияқты айлыққа жұмыс істеп, басқа бір комитет сотқа берген іске қатысты пікір білдіру. «Буран» құнды жәдігер, оны қалай бағалауға болады?! «Буран» жарты миллионнан астам адам жұмыс істеген, 15 республика одақтаса жасаған космостық кеме. Сұрақтарыңызға жауапты Facebook-тегі жазбаларымнан алыңыз, барлық жағдайды сонда жаздым», - деді Дәурен Мұса.
Ал «Буранды» жекешелендіруге қатысты Дәурен Мұса Facebook желісіндегі парақшасында толықтай жауап берген.
«Жекешеліндіруге мен қатысқан жоқпын. Мен акцияларды иеленіп, белгілі бір мүдделі топтар үнемі ликвидациялағысы келетін - қарызға батқан мекемені құтқарып қалдым. Осы жерде «Неге?» деген сұрақ туындайды. Мекеменің 50% акциясын жоғарыдағы экспонатпен бірге сіздердің Ресей мемлекеттік мекемесі «Роскосмостан» «Энергия РКК» ҚАҚ атынан 2002 жылы «ангар шатырының» монтажды-сынақ корпусы құлаған кезде алуға шешім қабылдадым. Мен бұл тонау мен диверсияны Кеңес халқының бүкіл тарихына демонстрациялық құрбандық ретінде қабылдадым. Осы уақыт ішінде «Байқоңыр» РКК АҚ акцияларының 20%-ы Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Инфракос» РМК тұлғасында мемлекет меншігінде болды. «Инфракос» РМК басшысы ғарыш айлағынан металл сынықтарын заңсыз шығаруды ұйымдастырғаны үшін сотталды. Кейбір хайп іздеушілер «Буранның» бүкіл тарихын «қазақстандық кәсіпкердің мемлекетке тиесілі игілігін сатып алуы және ол игілік құтқаруға зәру болып тұрғандай» көрсетуге тырысуда. Қызығы сол, мен бұл қазынаны сатып алып, сақтап қалдым», - деп жазды ол.
РЕСЕЙ ТАРАПЫНЫҢ «БУРАНДЫ» АЛУДАҒЫ МАҚСАТЫ НЕ?
«Ғарыштық зерттеулер және технология» журналының бас редакторы, ғарыш саласының сарапшысы Әселхан Нұрлан «РосКосмос» «Буранды» Мәскеуде салынып жатқан космостық орталыққа жәдігер ретінде қоюды ғана жоспарлап отырғанын айтты.
«Өз кезегінде сол құрылғылар, «Буранның» бүкіл энергетикалық жүйесі Кеңес одағы ыдырап, Байқоңыр Қазақстанның жеке меншігі болған кезде барлық нысандар заңды түрде мемлекеттің меншігіне өтті. Әрі қарай құрылғылар ешқай жерде қолданылмады, бағдарламалар істен шықты. Нәтижесінде олар бір мекемеге, одан кейін басқа компанияның меншігіне өтіп, ең соңында жеке тұлғаның қолына түсті. Біз оларды сақтап, музейге қою үшін қандай да бір күш салуымыз немесе серіктестерімізге компенцация негізінде беруіміз қажет еді. Қазір болып жатқан сауда процедурасы Қазақстанға көлеңкесін түсіріп отыр. Бүгінгі таңда ешқандай іске жарамайтын құрылғылардың РосКосмосқа берілуіне қатысты анау айтқандай кедергі көріп тұрғаным жоқ. Мұнда тек баға жағынан ортақ келісімге келу керек. РосКосмос «Буранды» қандай да бір мақсатта пайдаланайын деп жатқан жоқ деп ойлаймын. Себебі, оның бағдарламалары баяғыда істен шыққан, құрылғылар техникалық сапасын жойған. РФ Мәскеуде ірі космостық орталық салып жатыр. Менің болжамым бойынша, сонда қандай да бір музей кешені болады. «Буран» сол музейге қойылмақшы. Бұл сауданың ешқандай стратегиялық мақсаты жоқ», деді сарапшы.
Әселханның айтуынша, бұл проблема тезірек ретке келгені екі ел үшін де тиімді. Бірақ бұл жағдай Ресей мен Қазақстанның космостық қарым-қатынасына нұқсан келтіре қоймайды.
«Аяқ астынан Байқоңырдағы тарихи құндылығы бар нысандар түсініксіз адамдардың қолына өтіп кеткен. «Буранды» Кенесары ханның басына айырбастау деген күлкілі көрінеді. Бұған дейінгі президент аталған мәселеге қатысты РФ президентіне қолқа салғанын бәріміз білеміз. Бұл Дәурен Мұса үшін өзін-өзі жарнамалау шығар. Мұның бәрі біздің өз активтерімізді басқара алмаудағы сауатсыздығымызды көрсетіп отыр деп ойлаймын. Байқоңырда бастапқыда екі дайын орбиталы құрылғы мен екі макет болды. Орбиталық құрылғының бірі 2002 жылы монтажды корпустың сынақ жұмысы кезінде істен шығып қалды. Сол макеттердің бірі қазір Байқоңырдағы музей құрамында, жақсы жағдайда тұр. Сол «Буран» Байқоңырда тұр, яғни, біз «Бурансыз» қалмаймыз. Ал Байқоңырдың ішіндегі «Буранның» тағы бір макеті РФ қаласа, сол жаққа көшіріледі. Біздің елде ол өте жақсы жағдайда сақталынып тұр. Дәурен «Буранды» РосКосмосқа тек коммерциялық келісім арқылы ғана береді, басқа бір мәселені көріп тұрғаным жоқ», - деп жауап берді ол.
ЕКІ «БУРАН» КЕМЕСІ МӘСКЕУ МЕН ЭМИРАТТА КАФЕГЕ АЙНАЛҒАН
Ал Қазақстан ғарыш саласы қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Талғат Жүсіп болса Ресей «Буран» ісінде ғана емес, ғарыш саласындағы барлық ортақ жобада тек өз мүддесін ғана қорғайтынын айтады.
«Бұл зымыран жеке адамның меншігінде болған соң, мемлекетке оны алып, ресейліктерге жағыну үшін біраз шығын шығаруға тура келеді. Жеке меншікке қатысты заң бар және ол мемлекет тарапынан қорғалады. Кәсіпкер зымыранды мемлекеттік сатып алу арқылы алған. Кеңес кезінде «Буранның» бірнеше данасы жасалды, оның бірі Мәскеудегі мәдениет саябағында «Мороженое» кафесі болып тұр, екінші Эмиратта тағы «Мороженое» кафесінің функциясын атқаруда. Үшіншісі 2002 жылы мамыр айында Байқоңырдағы №112 «Мика» алаңында құлап, шатыры сынды. Кейіннен Қазалыда тұратын Қазақстанның алты азаматы сол сынықтарды жөндеуге келіп, 13 мамыр күні үйінді астыларынан өлі күйінде табылды. Құжат бойынша олар ешқандай жерде тіркелмеген. «Микадағы» «Буран» ақаудан кейін тізімнен шығарылды», - деді төраға.
Кәсіподақ төрағасы «Буранды» Кенесары ханның басына айырбастаймын» дегенді популизм деп есептейді.
«Мұндай ұсынысты ойға қонымды дей алмаймын. РФ мен Қазақстан арасындағы ұлтаралық қарым-қатынасқа келер болсақ, 2004 жылы экологиялық қауіпсіз болып саналатын «Бәйтерек» ААҚ жобасын жүзеге асыру үшін біздің тарап $223 млн Еуразия реконструкция және даму банкінен алды. Ал ресейлік тарап тек ақшаны жұмсап, аталған жобаға өздерінің тарапынан тек «зымыран тасығыш» болатынын айтты. Бастапқыда «Протон» ұсынды, одан кейін «Протон-лайт», «Ангара», кейіннен оңтүстік және солтүстік Корея «зымыран тасығыш» ангарларды іске қосып, космостық державаға айналды. Қазақстан тарапы әлі күнге дейін ақылы қызметке жүгініп жүр, ал Ресей тек тұтынушылық қатынаста. «Байқоңыр» ғарыш айлағын біздің территорияда пайдаланатындары аздай, жыл сайын жалға төленетін 115 миллион теңгенің бір бөлігі ресейлік әскери муницияға кетеді. Әділетсіздік және тұтынушылық қарым-қатынас қана. Ғарыш айлағындағы қара жұмысшылардың көпшілігі біздің елдің азаматтары.
2004 жылдан бастап Ресей тарапы өздерінің тарапынан болатын қаржылай шығын мәселесінен қашқақтап жүрді. Сосын Қазақстан тарапы аталған жобаға экологиялық таза «Зенит» зымыраны бар Украинаны тартпақ болған кезде, Ресей бұл идеяға қызғанышпен қарады. Украинаның бұл жобаға араласқанын қаламай, өз кезегінде вето (белгілі бір шешімге құқықтық органның немесе тұлғаның жазбаша, яки ауызша тыйым салуы) енгізді. Осылайша Қазақстан Украинамен серіктестіктен сыпайы түрде бас тартты. Көріп отырғанымыздай, «Бәйтерек» жобасы әлі күнге дейін созылып келе жатыр және оның қашан жүзеге асатыны белгісіз. 63 том құжат келді, оның екі томын ресейлік тарап «құпия материалдар бар» деп тәркілеп алды. «Ангара» зымыран тасығышына қатысты макулатураны Қазақстан әлі зерттеп жатыр», - деді Талғат Жүсіп.
БАҒДАТ МУСИННІҢ ЖАУАБЫ
Қазақстанның цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Буран» кеңестік ғарыш кемесінің екінші ұшу көшірмесі тиесілі компанияның үлесін үш мәміле нәтижесінде сатып алғанын атап өтті.
«Сот олардың екеуін заңсыз деп таныды. Біз үшінші мәміленің заңды екеніне дауласпақпыз. Дәурен мырзаның бұл компанияның мүлігіне және «Буранға» ешқандай қатысы жоқ», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
ҮШ ЖЫЛ ЖҮРІП ЖАТҚАН СОТ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?
Әлеуметтік желіде «Буран» ісіне қатысты ресми мәлімдеме беріп жүрген Қазақстанның цифрлық даму министрі Бағдат Мусин болғанымен, Даурен Мұсамен үш жылдан бері соттасып жатқан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Бүгінгі таңда істің қалай жүріп жатқанын білу үшін біз комитетке хабарласып көрдік. Комитет берген мәлімет бойынша, бұған дейін сот отырысы екі рет өткен. Арызданушы тарап сотқа бес бірдей талап қойғанымен, оның екеуі ғана қанағаттандырылған.
«Біздің бірінші талап - Байқоңыр зымыран-ғарыш компаниясы АҚ (бұдан әрі - Қоғам) тарату. Екіншіден, қоғамды мемлекет меншігіне «Инфракос» РМК үлесі ретінде берілген мүлікті қайтаруға міндеттеу. Үшінші – қоғамның жарғылық капиталын өзгерту (азайту) туралы Қоғам құрылтайшылары жиналысының 2004 жылғы 25 мамырдағы хаттамасын заңсыз деп тану. Төртіншіден, Қоғамның директорлар кеңесінің қоғам акцияларын (20 дана) Н.Коваленкоға, Д.Мұсаға сату туралы шарттарды заңсыз деп тану. Бесіншіден, қоғамның 41 дана акциясын В.Ширинға, Д. Мұсаға сату туралы шарттарын заңсыз деп тану талаптары қойылды. Сот жоғарыда көрсетілген 1 және 2 талаптарды қанағаттандырусыз қалдырды, ал 3,4,5 талаптарды қанағаттандырды», - деді ресми сауалға жауап берген төраға орынбасары Н.Кадюков.
Айта кетейік, бұл мәселе бойынша іс жүргізу шығындары 203 719 теңгені құраған. Сондай-ақ, материалды әзірлеу барысында қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке хабарластық. Жақында ғана коронавирустан айығып шыққан ғарышкер телефонға да, вацаптағы хабарламаға да жауап бермеді. Үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов тұтқасын көтергенімен, аталған тақырыпқа байланысты қандай да пікір білдіруден бас тартты.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан