Қ.Тоқаев АҚШ-та бұрын жасалған келісім-шарттардың орындалуын пысықтайды - саясаттанушы

Автор: Azattyq Rýhy

АҚШ-тың сауда серіктестері тізімінде Қазақстан 79-шы орында. 2018 жылы екі ел арасындағы тауарайналым $2,1 млрд құрады. Қазақстан минералды шикізат пен химия өнеркәсібі өнімдерін экспорттайды. АҚШ біздің елге машина, қондырғылар мен көлік құралдарын саудалайды. 

akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында бірқатар кездесулер өткізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары АҚШ-тағы  «Атлантикалық кеңес» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған белгілі америкалық саясаткерлер және сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен кездесуден  басталған болатын. Екінші күнгі басқосулар барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың алдағы даму перспективалары, сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтары туралы қандай мәселелер талқылануы керек? Осы сапардан Қазақстан жұртшылығы не күтеді деген  «Azattyq Ruhy» тілшісінің сауалына белгілі саясаттанушы Айдар Әміребаев төмендегідей жауап берген еді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев америкалық ірі бизнесмендермен кездесті

Бұл Қазақстанның екінші Президентінің АҚШ-қа алғашқы іссапары. Оның маңызы жоғары. Себебі Қазақстан жұртшылығы бұл сапардан үлкен үміт күтеді. Ең бастысы кездесулер Елбасының бұдан бұрын барған сапары барысы аясында жасаған келісім-шарттар негізінде өрбиді. Сонда қол жеткізілген келісімдерді пысықтап, олардың орындалуына ықпал етуі керек, дейді саясаттанушы.    

«Тоқаев бұл жолы қандай да бір жаңа бастамалар жасайды деп айта алмаймын. Бірақ Тұңғыш президенттің сапарының нәтижелерін жетілдіру мәселелерін қозғайтыны сөзсіз. Ең беделді америкалық сарапшылар және саясаткерлермен кездесіп, трансұлттық компаниялармен инвестиция мәселесін талқылайтыны белгілі. Екі арадағы ықпалдастықтардың барлығы осы кездесулердің барысында шешіліп, тараптар өз мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндік алуы тиіс», - дейді Айдар Әміребаев.

Орталық Азияға АҚШ-тың көзқарасы мен саясаты туралы «С5+1» форматындағы «Самарканд декларациясында» егжей-тегжейлі баяндалған. АҚШ-тың Қазақстанға деген геосаяси стратегиясы осы  көпжақты формат бойынша келісімдерге де байланысты. Сондықтан оның әсері мен перспективалары туралы да сөз қозғалуы мүмкін, дейді маман. 

«Тағы да атап өтетін жағдай экономика жағынан алсақ, АҚШ  біз үшін  Еуропалық Одақпен бірге алғашқы саптағы инвесторлар жіберуші мемлекет. Тәуелсіз Қазақстанды жан-жақты мойындаған ел. Қасым-Жомарттың басты мақсаты - елімізде ашық қоғамды қалыптастыру. Бұл оның стратегиялық бастамаларының бірі және оны батыс қоғамы ерекше қолдайтыны рас. Себебі қазір Қазақстан қоғамының да ойындағы арманы осымен үндеседі. Ашықтық - Тоқаев саясатының ерекшелігі. Осы тақырып та АҚШ саяси элитасымен кездесулерде негізгі әңгіменің өзегі болады», - дейді қазақстандық саясаттанушы.

БҰҰ  Бас ассамблеясы 74-сессиясының жұмысына әлемнің 196 мемлекетінен делегация келді. Олардың қатарында жүздеген мемлекет басшылары бар. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Президенті Бас ассамблеяның жалпы дебаттарында баяндама жасайды. Оның тақырыбы «Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» деп аталады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын БҰҰ бас хатшысының орынбасары қызметінде болған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы