Демократия ешқашан арзан болған емес – Айдос Сарым ауыл әкімдерін сайлау туралы

Саясаттанушының пікірінше, ауыл әкімдерін сайлауда ешкім ешкімді алдай алмайды

Демократия ешқашан арзан болған емес – Айдос Сарым ауыл әкімдерін сайлау туралы

Бүгін еліміздің 775 елді мекенінде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Аталған сайлауға қатысты қоғам пікірі екіге жарылуда. Біреулер «ауыл әкімдерін сайлау әділ өтпейді, босқа шығындалудың қажеті қанша?» десе, енді бір топ «сайлау арқылы ауыл азаматтарының саяси белсенділігін арттыруға болады» деген пікірді алға тартуда.

Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарыммен сұхбаттасып, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты пікірін сұрап білді.

«Бүгін Орталық Азияда алғаш болып ауыл әкімдерінің сайлауын өткізіп жатырмыз және бұл үлкен революциялық қадам. Бұл сайлау ауылдан бастап республика дәрежесінде биліктің табиғатын өзгертетін үлкен оқиға. Сол себепті сайлауды сынаушылар оның қоғамға беретін пайдасын түсінуі тиіс.

Оның үстіне, ауылда сайлауды өтірік өткізудің өзі қиын, өйткені сайлаудан кейін жұрт бір-біріне қонаққа барады, ет жеп, шәй ішілген кезде сайлау нәтижесі талқыға салынып, кімнің не істегені шығып қалады. Дәстүрлі түрде ауыл тұрғындарының қандай сайлау болса да 70-80% барып дауыс беруі кез-келген классификацияны мүмкін етпейді. Сайлаудың өзі Қазақстандағы партиялардың әлеуеті мен мүмкіндігінің әртүрлі екенін көрсетіп отыр, сондықтан сайлау партиялар үшін жақсы стимул болу керек.

Бұрын Қазақстанда сайлау өте аз өтетін, қазір еліміз сайлау жиі өтетін елге айналайын деп жатыр. Бұған экономикалық тұрғыдан ғана қарауға болмайды. Демократия ешқашан арзан болған емес, ол – қымбат», - деді саясаттанушы.

Депутат сайлаудың басталуы да, аяқталуы да әр партия үшін стимулға айналуы тиіс деп отыр.

«Сайлау жиі өтетін болғандықтан саяси партиялар үш-төрт жыл бар деп арқаны кеңге салмай, күнделікті мониторинг жүргізетін әр облыста, ауданда өкілі болуы тиіс. Сайлаудың аяқталуы жаңа сайлау науқанын бастап кетеді.

Қазақстан бойынша бір орынға үш кандидаттан таласып жатыр, кейбір ауылдарда 4-5 кандидат бар. Сайлауда жеңілген адам да сырт қалмау керек. Жеңілген кандидат үшін бұл – науқанның қайта басталуы. Яғни, жаңағы өзінің жеңген әріптесіне ол балама болғандықтан оған сын айтып, оның жұмысын қадағалап отыруы керек. Қателігін көрсе ауыл тұрғындарына: «Азаматтар, көрдіңіздер ме, мына әкім өз жұмысын дұрыс істеп жатқан жоқ. Мені сайлағанда бәлкім басқаша болар ма еді, мен былай етер едім» дегеннің өзі қоғамның ішінде жаңа мәдениетті, жаңа сын мен қарым-қатынастарды қалыптастырады», - деді депутат.

Сондай-ақ, оның сөзінше сайлау – Қазақстандағы сапасыз экспертизаның қабілетін арттырады.

«Бұл сайлау болашақта әкім боламын, саясатқа араласамын деген амбициясы бар адамдар легін қалыптастырады. Адамның сайлауға дайындалуы «Мен осыған дайынмын ба, дайын емеспін бе?», «Болашақта жұрт мені қолдау үшін мен не істеуім керек?» деген сұрақтарға жауап іздеп, квалификациясын арттыра бастайды. Өз кандидатурасын ұсынған адам «ауылға қанша бюджет және нендей өзгеріс қажет, салықты түсірудің жолдары қандай, жалпы салықтың қандай түрлері өз ауылы арқылы өтеді, ауыл экономикасының ашық болуын қалай қамтамасыз етуге болады?» деген сияқты мәселелерден хабардар болады. Қазір мұндай сұрақтарға ауыл мен аудан әкімі ғана жауап бере алады. Ауылда кеңес пайда болса, ауыл ішіндегі кемі 15-20 адам жоғарыдағы сұрақтарға жауап береді. Болашақта әкімдер осы кеңестердегі белсенді азаматтардың арасынан пайда бола бастайды. Екі жылдан кейін осылайша аудан әкімдерін тағайындайтын боламыз. Алда сырттан өңір тұрғындары танымайтын адамды облыс әкімдігіне сайлағаннан гөрі,  ауыл ішінен іздей бастайды. Ауыл әкімін сайлау биліктің, қоғамның табиғатын өзгертеді. Сайлауға деген сұраныс тудырады, ең бастысы сайлау нәтижесіне деген жауапкершілікті арттырады», - деді Айдос Сарым.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.