Бүгін Нұрлан Ноғаев Энергетика министрі ретінде алғаш рет жұмысқа шықты
Бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2016 жылы «жер мәселесіне» қатысты 5 жылға сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты пікір білдірді. БАҚ өкілдері одан «Сіз әкім болып тұрғанда белсенділер сотталмайды деп уәде бердіңіз Сөзіңізде тұрмадыңыз. Енді министр ретінде уәделеріңізді орындай аласыз ба?» деп сұрады.
«Мен 2016 жылы Макс Боқаев пен Талғат Аянға берген сөзімде тұрдым. Мен оларға жер митингіне қатысты қудалау болмайды деген уәде бергенмін. Ал оларды басқа баппен, басқа себеппен соттады»,- деп жауап берді ол.
Еске салсақ, Макс Боқаев пен Талғат Аянға «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылып, сотталып кетті. Ал митинг ұйымдастырғандары үшін 250 АЕК айыппұл салынған.
2016 жылы Атырауда шетелдіктерге жерді жалға беру туралы кодекске қарсы мыңдаған жұрт алаңға шықты. Ол кезде Нұрлан Ноғаев өңірде әкім болатын. Кеше оны Президент Энергетика министрі етіп тағайындады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан