Қытай лагерлеріндегі қудалаулар жайында америкалық тарап осымен бірнеше рет мәлімдеме жасауда
28 маусым күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозермен өткен онлайн пресс-конференция барысында америкалық дипломат Шыңжаң лагерлерінде тұтқындалған қазақтарды босату талабы орынды екенін жеткізді. Елшінің айтуынша, АҚШ тарапы Алматыдағы Қытай консулдығының алдында Шыңжаңда қамалған қазақтардың туыстары ұйымдастыратын бейбіт наразылық жиындарын қолдайды.
Бір топ этникалық қазақ 8 ақпаннан бері Қытай консулдығының аумағына келіп, тұтқында отырған туыстарын босатуды күнделікті талап етуде. Аталған бейбіт жиындар осымен 100 күн бойы өткізіліп келеді.
«Біз бейбіт жиындарды қолдайтынымызға күмән жоқ. Сол адамдардың тек бейбіт жиындарға қатысып жатқанына сенеміз. Осы орайда біз өзіміздің ұстанымымызды Қазақстан тарапына айтқанбыз. Қазақстанға қандай да бір санкция болады деп ойлаймаймыз және оны баса айтқым келеді», - деді елші.
Бұған дейін АҚШ тарапы Қытайдағы түркітілдес халықтарды жаппай қудалау мәселесіне қатысты бірнеше рет пікір білдірген. Биыл наурыз айында АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің Twitter аккаунтында дипломатиялық миссияның Шыңжаңнан қашқан қазақтармен кездесуі жайлы твит жариялаған болатын. Нақты айтсақ, өз уақытында Шыңжаңда репрессияға ұшыраған, алайда сол жақтан қашып, Қазақстанда тұратаған Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлымен кездесу өтті. «Олардың бастан не кешкені жайлы халық білу керек, ал босқын мәртебесін алған адамдар өздерін қауіпсіздікте сезіну керек», - деді АҚШ Елшілігі өз твитінде.
Бұдан бөлек, 2020 жылдың ақпан айында АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Нұр-Сұлтан қаласында Шыңжаңда тұтқындалған қазақтардың туыстарымен кездескен еді. «Америка Құрама Штаттары cіздер душар болған қиын жағдайды және жалпы Шыңжаңдағы мәселені шешу үшін қолдан келгеннің барлығын істейді», - деген еді Майк Помпео.
Еске салайық, АҚШ билігі және халықаралық сарапшылар ресми Бейжіңнің түркітілдес халықтарға қарсы жүргізіп жатқан саясатын геноцид деп таныған. Қытай тарапы барлық айыптауларды жоққа шығарып, заң шеңберінде терроризмге қарсы жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан. АҚШ-тың Мемлекеттік Департаменті 2018 жылы жариялаған есебіне сәйкес, Қытай билігі түркітілдес мұсылмандарды қудалауда бірнеше әдіс қолданады. Олардың ішінде: түрмелердегі азаптау, репрессивті әдістер арқылы аңду, шенеуніктердің адамдардың үйіне басып кіруі, тіпті адам зорлау, өлтіру фактілері де бар.