Сәрсенбі күні АҚШ пен Ресей президенттері кездеседі
Батыстың БАҚ өкілдерімен ұзақ уақыттан бері тілдеспеген Ресей президенті Владимир Путин cоңғы 3 жылда алғашқы рет америкалық NBC News телеарнасының журналисі Кейр Симмонске бір жарым сағаттық сұхбат берді.
Сұхбат барысында Ресей басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас, АҚШ президенті Джо Байденмен Женева қаласында өтетін кездесу, әлемдік геосаясаттағы қазіргі ахуал сияқты бірқатар мәселе жайында ойымен бөлісті.
Сәрсенбі күні өтетін шара екі ел басшысының АҚШ-тың жаңа президенті сайланғаннан бергі алғашқы бетпе-бет кездесу болғалы жатыр. Кездесу Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың күрт бұзылып, төмен дәрежеге түсіп кеткен шақта өтпек. Сарапшылардың айтуынша, саммит барысында түрмеге қамалған ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жағдайына үлкен мән беріледі. АҚШ-пен қарым-қатынаста жылымықтың болу мүмкіндігінен бөлек, Кейр Симмонс Владимир Путиннен билікке наразылар жайында сұрады.
Жұма мен дүйсенбі күндері екі бөліп көрсетілген сұхбаттың негізгі тезистеріне тоқталып кетсек.
Навальныйдың түрмеден тірі шығатынына қаншалықты кепілдік бере алатынын Путиннен сұраған тілші оппозиционерді босату не босатпау президенттің емес, соттың құзырында екендігі жайлы жауап алды.
Навальныйдың есімін айтпайтын Путин «сіз айтқан азаматқа қатысты бас бостандығын айрылған басқа да адамдар сияқты тең жағдайда жазасын өтейді» деп жауап қайырды.
Естеріңізге сала кетейік, өзінің улануын Путиннің тапсырмасы деп айтқан Навальныйды қаңтар айында Ресейге оралған бойда әуежайдан құқық қорғау органдарының қызметкерлері алып кеткен болатын. Ал, оның «Фонд по борьбе с коррупцией» ұйымын Мәскеу соты экстремистік деп танып, алдағы уақытта саясатпен айналысу мүмкіндігінен толықтай айырды.
Батыс медиасының хабарлауынша, сәрсенбі күні өтетін саммитте Байден Навальный мен басқа да түрмеге қамалған диссиденттердің жағдайын сөз етпек.
Сұхбат барысында Навальный және оның сепіктеріне Ресей билігі тым қатаң жаза қолданғанын айтқан тілшіге Ресей президенті бұл мәселені «мүлдем басқаша» көретінін жеткізді.
«Қылмыскер»: Бұл айыптау мені мүлдем алаңдатпайды
Наурыз айында Джо Байден ABC телеарнасына берген сұхбатында Путинді «қылмыскер» деген айыптаумен келісетінін айтқан болатын. Алайда, бұл пікірге Путин жай ғана күліп, ренжімегендей сыңай танытқан.
«Мен айыптаулардың неше түрін естігенмен. Бұл сөз мені мүлдем алаңдатпайды», - деді Путин сұхбат барысында.
Сонымен қатар, Ресей басшысы «жан-жақтан» және «еш негізсіз» жасалатын шабуылдарға үйреніп кеткенін айтты. «Мені қазір ештеңе де таң қалдырмайды» деген Путин мұндай «ащы риторика» америкалықтардың мәдениетіне тән деген ойын білдірді.
Байден жайлы: «Оның тарапынан ешқандай нық қадам болмайды...»
Путиннің айтуынша, Байден экс-президент Дональд Трампқа қарағанда мүлдем басқа және нағыз кәсіби маман. Олай деуінің себебі, Байденнің Сенатта 40 жылдық және вице-президент ретіндегі тәжірибесі бар.
«Ол кісі мүлдем басқа адам және оның артықшылығы да, кемшілігі де бар, бірақ қазіргі президент тарапынан қандай да бір нық іс-қимыл болады деп ойламаймын», - деді Путин.
Трамп туралы: «Ерекше тұлға»
Путиннің айтуынша, Байденге қарағанда, Дональд Трамп президент болып сайланбас бұрын ірі саяси фигура болмаған.
«Бұрынғы президент Дональд Трамп ерекше тұлға, талантты адам деп ойлаймын, әйтпесе ол АҚШ президенті болып сайланбас еді», – деді Ресей басшысы.
Ресейдің Иранның АҚШ-қа қарсы саясатына көмегі жайлы: «Бұл жай ғана фэйк-ньюс...»
Washington Post басылымында жуырда Ресей Иранның барлау және тыңшылық мүмкіндіктерін арттыру үшін жерсеріктер жіберіп, көмек көрсетіп жатыр деген мақаласы шыққан болатын. Америкалық сарапшылардың пікірінше, Ресейдің көрсетіп жатқан көмегі Иранның Таяу Шығыстағы қарсыластарын аңду әлеуетін арттырады.
«Бұл жай ғана фэйк ақпарат. Менің бұл туралы еш хабарым жоқ. Бұл адам сенгісіз өтірік әңгіме», - деді Путин.
Исатай Мінуаров