Мемлекет басшысы адам құқықтары саласындағы шаралары туралы жарлыққа қол қойды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Адам құқықтары саласындағы шаралар қабылдау мақсатындағы жарлығы жарияланды. Онда еліміздегі адам құқықтарын қорғауды одан әрі жетілдіру және дамыту мәселелері қаралған.
Саясаттанушы, Ұлттық Кеңестің мүшесі Марат Башимов пікірінше, Президенттің мұндай шешімі адам құқықтары мен азаматтарды қорғау тәсілдерін толыққанды және тиімді түрде өзгертуге түрткі болмақ.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтың қорғалу құқығына кепілдік береді, бірақ көбіне азамат аудандық соттан бастап Жоғарғы Сотқа дейінгі барлық инстанциялардан өтіп, әділеттілік таба алмай, халықаралық квазисот органдарына жүгінуге мәжбүр болады. Бұл ретте, соттың азаматтың пайдасына шығарылған шешімі Қазақстанда іске асырылмай қалып жатады. Бұл біздің мемлекетіміздің халықаралық имиджіне қатты әсер етеді», - деп пікірін білдірді М.Башимов.
Оның айтуынша, мұндай өзгеріс мемлекеттің адам құқығын қорғау тетігін нығайтып, оның барлық жұмысын қайта құратын болады.
«Бұл сот жүйесінің, прокуратураның, барлық мемлекеттік органның халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтін заңнамасын қайта қарастыруға мүмкіндік бермек. Осының бәрі мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен, ұлттық және халықаралық сарапшылармен және ғалымдармен бірлесіп, Президенттің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында іске асырылатын болады», - деп нақтылады Марат Башимов.