«Олар қызыл сызықтан аттап кетті»: Лукашенконың сәрсенбідегі мәлімдемесінен соң не өзгерді?

Автор: Azattyq Rýhy

Беларусь басшысы елдегі соңғы саяси жағдайларға байланысты мәлімдеме жасады 

Фото: ашық дереккөзден

Беларусь президенті 26 мамыр күні кешқұрым ел парламенті депутаттарының алдында мәлімдеме жасады. Күн тәртібінде Минск әуежайына Ryanair ұшағының кестеден тыс қонуына байланысты дауға жауап беру мәселесі тұрды. Шұғыл жиында Александр Лукашенко Батыс елдерімен қарым-қатынас, сайлаудан кейінгі оқиғалар, оңтүстіктегі көршісі Украинаның жағдайы мен Ресей президенті Путинге байланысты пікірлерін ортаға салды.

Қоғам Nexta Telegram-каналының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевичтің тағдыры мен ол отырған ұшақтың Минскіге күшпен немесе айлакерлікпен әкелінді деген айыптауға жауап естігісі келген. Мемлекет басшысы Беларусьтегі президент сайлауынан кейін елдегі саяси жағдайдың ушығуына түрткі болды деген айыппен қуғындалған журналист пен оның құрбысы тергеліп жатқанын айтты. Ал Минск халықаралық әуежайына шұғыл қонған ұшаққа қатысты барлық әрекеттер заң аясында жасалғанын мәлімдеді. Лукашенко Батыс елдерінің жан-жақты қысымы көпдеңгейлі террор және тұншықтыру саясаты екенін айтты.

«Олар қызыл сызықты өздері басты, адами қасиеттерден жұрдай екендіктерін көрсетті. Ал ұшақтың бортында лаңкесші (Роман Протасевич-авт.) болды. Экипаж қонардан бұрын әуе компаниясымен және Вильнюс әуежайымен ақылдасып барып шешім қабылдады. Ал лайнерде жарылғыш зат бар деген хабарлама Швейцариядан келген. Бірақ батыс елдері бұл жағдайды тергеуге асықпай отыр. Біздің әуе қызметі мен қауіпсіздік органдары мұндай жағдайда заң аясында әрекет етуі керек болды. Әуежайға қонған ұшақты біз тексеруден кейін жібердік. Бірақ экипаж әлдекімдермен кеңесіп, жеті сағат бойы ұшпай отырып алды», - деді А.Лукашенко.

Александар Лукашенконың мәлімдемесіне Швейцария тарапы дереу жауап қатты. Ел үкіметі Беларусь президентінің ұшаққа мина қойылды деген ақпарат Швейцария тарапынан түсті деген мәліметі жалған. Біз  Афина – Вильнюс бағыты бойынша ұшып бара жатқан лайнерге төнген қауіптің барын білген де жоқпыз және ешкімге хабарлаған емеспіз деді.   

Беларусь басшысының мәлімдемесінен соң Джо Байден әкімшілігі де пікір білдірді. Баспасөз хатшы Джен Псаки апта сайынғы дәстүрлі брифингте Беларусь Республикасына санкция салынатынын мәлімдеген болатын. Бірақ Ақ үй басшысы Ryanair лайнеріне байланысты жағдайдан соң АҚШ тарапы нақты қандай санкциялар енгізетінін ашып айтпады.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили «Украина 24» телеарнасына сұқбат беріп, өз пкірін айтты. Ол «Қазір Беларусь лидері екі оттың ортасында қалды. Лукашенко Ресейдің бір субьектісіне айналады немесе жақын арада билігінен айырылуы мүмкін. Ryanair ұшағын күшпен қондыру арқылы мемлекеттік террор жасады, соның кесірінен ел азаматтарының еркін жүріп-тұруына қолдан кедергі келтіріп отыр», деді Саакашвили.

«Еуропа әуе қатынасын тоқтатты. Енді тараптар дипломаттарын қайтара бастайды. Бұл - қарапайым азаматтар үшін қиын  жағдай. Лукашенко осы әрекеті арқылы өзін де тығырыққа тіреп отыр. Ол енді Путиннің қолтығына мықтап кірді. РФ-ның бір субьектісіне айналады, әйтпесе биліктен айырылады. Осылайша Беларусь басшысы қызыл сызықтан аттап кетті», - дейді Украинаның Реформалар жөніндегі ұлттық кеңесін басқаратын Михаил Саакашвили.

Azattyq Rýhy тілшісі саясаттағы «қызыл сызық» түсінігі деген не, одан бүгінгі жағдайда кім бірінші аттады?» деген сауалды жергілікті саясаттанушыларға қойып көрді. Азия зерттеу инситутының директоры Сұлтан Әкімбеков Лукашенконың Батыспен қарым-қатынасты қайтадан оңалтуына алғышарт көріп тұрған жоқпын. Әрине оның бұл қадамы өз елін қиын жағдайда қалдырды, дейді.

«Иә, «қызыл сызық» деген түсінік бар. Бірақ оны кім бірінші аттап кетті дегенге баға беру қиын. Енді Батыстан бұл елдің экономикасына, экспортына санкция бола ма? Саяси мәселеден де ауыры –  экономикалық жағдай. Бірақ Батыс елдері қазір Ресеймен қарым-қатынасты түзетуге мүдделі екенін байқатып қалды. Ендеше АҚШ пен Еуропа да қазір қиын жағдайға тап болып отыр. Екі оттың ортасында қалды деуге болады. Енді Путин мен Байден бұл жағдайды Женевада өтетін кездесуде талқылайды. Бірақ ол екеуі үшін бұдан да маңызды сұрақтар бар. Беларусь мәселесін сылап-сипап қана өте шығатыны түсінікті.

Путинмен жүргізілейін деп жатқан келіссөздерге АҚШ тарапы өздері ықылас танытып отыр. Тіпті қырғи-қабақ соғыс уақытында да келіссөздер жүрген. Сондықтан бұл -  саясат, ол тез өзгереді. АҚШ пен Ресей басшыларының кездесуінен соң, бәрі белгілі болады. Путин одақтасының мәселесін Байденнің алдында көтеретіні сөзсіз. Санкция болмауы да мүмкін. Десе де Путин-Байден кездесуінде бұдан да өте маңызды сұрақтар бар», - дейді саясаттанушы.

«Қызыл сызық» деген ұғым қалқып тұратын, шартты нәрсе. Оны әркім әртүрлі түсінеді және қабылдайды. Сондықтан тараптардың бір-бірін «қызыл сызықтан аттап кеттің» деп жатқаны аса маңызды мәселе емес, дейді саясаттанушы Талғат Қалиев. Бірақ азаматтық лайнерге қатысты жағдайды мен жаға ұстатарлық жағдай деп бағалаймын. Саяси текетірестерді айтпағанның өзінде, бұл жағдай азаматтық авиация тәртіптерін бұзып отыр. Тиісті хаттамаларды жоққа шығарумен тең, дейді сарапшы.

«Бұл жерде көптеген елдер Белорусь аспанымен ұшудан неге бас тартты? Себебі бұл елдің әуе айлағында отырған диспетчерлерге деген сенім де жоғалды деген сөз. Беларусь аэронавигациясын да келеңсіз жағдайда қалдырды. Олардың жалған мәлімет беріп, ұшақтардың соқтығысуына жол бермеуіне қандай кепілдік бар? Сондықтан бұл -үлкен мәселе.

Әдетте Еуропадағы қақтығыстар тек Еуропаның өз ішінде ғана туындап, осы аймақтың аясында ғана шешілмейді. Оған әлемнің көптеген елдері тартылады. Дүниежүзілік соғыстардың барлығы Еуропадан басталған. Сондықтан дәл осы жағдайда Батыс саясаткерлері де сақтықпен қимыл жасауға мәжбүр. Қызыл сызықтан аттаудан мейілінше қашады. Соғыс оларға да қажет емес. Сондықтан қазір олар әліптің артын бағып отыр. Санкциямен қорқытқанымен, оның болатынына күмән да жетеді», - дейді Т.Қалиев.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы