Орталық Азия елдері аймақтағы тұрақтылық үшін Қазақстанға қарыздар – сарапшы
Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл
Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығында халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Осы қысқа мерзімде еліміз өзінің даму моделін таңдады. Әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісін көрсете алды. Тағдыр Қазақ елін еуразиялық кеңістіктің қақ ортасында әлемдік державалармен көршілес етті. Егемендік елді державалардан тыс Орталық Азия аймағындағы геосаяси жағдайды ескере отырып, елдің ішкі саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерін бір ізге салуға мәжбүрледі. Сыртқы саяси байланысы мен қарым-қатынасын қалыптастыру қажеттігін күн тәртібіне шығарды.
Соңғы 30 жылда Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын халықаралық шарттармен бекітті. Қазақ билігі 150-ден астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Ел мүддесі үшін мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 3 мыңнан астам халықаралық шартты бекіткен.
САЯСИ ҚАТЕЛІКТЕР БОЛДЫ, ТӘЖІРИБЕ ЖЕТІСПЕДІ – САЯСАТТАНУШЫ
Azattyq Rýhy тілшісі тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның халықаралық саясаттағы жетістіктері туралы сарапшылардың пікірін тыңдады. Қазақстан саясаттану және философия институты директорының орынбасары, ғалым Серік Нұрмұратов тәуелсіздіктің 30 жылдығында негізгі үш мәселеге назар аударады. Ол – мемлекеттің беделі мен имидждік келбеті, халықаралық саясаттағы орны және бейбітсүйгіш әрі гуманизмді қолдайтын мемлекет ретіндегі бет-бейнесі. Саясаттанушы сондай-ақ, аймақ елдері ішіндегі ең үлкен жетістік – шегараның делимитация мен демаркация процесін абыройлы атқару болды деп есептейді.
«Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап, халықаралық деңгейде өзінің орнын анықтауға тырысты. Ең бірінші тәуелсіздігімізді мойындаған Түркия болды. Оны жалпы халық біледі. Екінші – Румыния деген мемлекет. Содан кейін басқа мемлекеттер шетінен қолдауын білдірді. АҚШ та көпке созбай мына біздің елдің тәуелсіз ел екенін мойындады. Бірақ өкінішке қарай, одақтас елдер ішінен ең соңынан тәуелсіздігін жариялаған ел ретінде тарихта қалдық.
Ал жетістікеріміз қандай? Біріншіден – шекарамызды делимитация және демаркация жасап үлгердік. Мысалы, көрші жатқан Қырғызстан мен Тәжікстанда осы шекараны анықтамаудың арты не болғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл саладағы жұмысты біз бағалай білуіміз керек», - дейді сарапшы.
Серік Нұрмұратов
Оның сөзінше, Қазақстан әлемдік аренада өзін бейбітсүйгіш ел ретінде көрсетіп, арағайынның міндетін бірнеше рет атқарған.
«Қазақстанның халықаралық қатынастарға өзінің оң үлесін қосу үшін талаптанған бір-екі мысалын ғана атап өткім келеді. Оның ең алғашқысы әрине ЕҚЫҰ ұйымына төрағалық. Біздің Еуропамен байланысатын бір аймағымыз бар. Ол батыстағы – Ақтөбе облысы. Сондықтан бұл үлкен қадам, бұл да үлкен мойындау екенін атап өту керек. Екіншіден, Сириядағы қақтығыс кезіндегі арағайындық жасап, мәмілеге келу үшін қол ұшын беруге қадамдар жасадық. Соғыс болып жатқан елдердің бейбітшілікке ұмтылуын қолдайтын саясатты ұстанатынымызды көрсете алдық. Әрине оның нәтижесі де болды. Бұл да халықаралық деңгейде Қазақстанның беделін біршама көтерді деп ойлаймын», - дейді С.Нұрмұратов.
Ол ЭКСПО көрмесі Қазақстанның экономикасынан гөрі халықаралық аренадағы беделіне көбірек пайда әкелді деп есептейді. Сондықтан, аталған көрмеден елімізге тек шығын келді деп айтуға болмайды дейді ол. Оның үстіне, ЭКСПО өткізер алдында Қазақстанда көптеген нысан салынды. Оның көбі баспана мен бизнес нысандары.
«Сол сияқты саяси тұрғыдан қарасақ, көршілес жатқан Ресей мен Қытайға тең қатынасымызды және тең құқылы екенімізді дәлелдедік. Ол үшін Еуразиялық экономикалық одақ, екіншіден Шанхай ынтымақтастық ұйымына тең дәрежеде мүше болып кірдік. Демек, саясатымызда белсенді, барлық позицияда өз мүддемізді алға тарта алатын ел екенімізді көрсеттік», - дейді Қазақстан саясаттану және философия институты директорының орынбасары.
Тоқ етерін айтқанда, бейбітсүйгіш әрі гуманизмді қолдайтын, әлемдегі картадан ойып тұрып орын алған мемлекет екенімізді білуіміз керек, дейді маман.
«Әрине, мемлекет үшін 30 жыл көп уақыт емес, сондықтан кейбір саяси қателіктер болды және тәжірибе де жетсіпеді. Басымдықпен ойласақ, оң қадамдарымыз да баршылық болды. Оның бірі – шетелдік инвестицияны тарту арқылы экономиканы жандандыру. Халықаралық трансұлттық компаниялар мен ірі инвесторларды әкелген соң, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай болмады. Енді болашаққа көз тастасақ, соңғы кездері Қытайдың беделі мен ықпалы күшейіп келеді. Бұл бұқараға да ұнамай отыр. Көрші жатқан үлкен мемлекеттен қауіптенеді, экспансия жасай ма деген қорқыныш та бар. Енді осы нәзік әрі шетін мәселені елдің саясаткерлері бақылауға алып, ел мүддесіне оңтайлы шешсе, болашағымыз жаман болмайды», - деп ойын түйіндеді сарапшы.
«ТҰРАҚТЫЛЫҚ ДЕГЕН ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМ»
Қолданбалы саясаттану мен халықаралық зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әміребаев халықаралық саясат дегенде, тұрақтылық деген қасиетті ұғымның Қазақстаннан басталатынын айтады. Орталық Азия аймағы елдері арасында Қазақстанда кез-келген салада тұрақты даму мен жүйелі жылжу бар. Оны өңірдегі көрші мемлекеттер де сезінеді және бұл көп жағдайда іргелес елдер үшін тиімді, дейді сарапшы.
«Тоқсаныншы жылдары тәуелсіз мемлекеттер пайда болғанда, Қазақстанның ролін ерекше атауға болады. Неге? Тарихи жағынан қарасақ, әр мемлекет күйрегенде, күрделі кезеңнен өткенде, бүкіл халықаралық жүйе бұзылады. Кеңес Одағы құлағанда, әлемді үлкен өзгерістерге алып келді. Дегенмен, Орталық Азия аймағында Қазақстанның тұрақтылық орнату үшін қосқан үлесі мол болды. Біз ядролық қару-жарақтан бас тарттық. Осы арқылы аймақтағы елдерге үлгі көрсете білдік. Кейбір елдерде этноконфессиялық түрлі қақтығыстар болып жатты. Тұрақсыздық болды. Қасымыздағы Қырғызстанның өзі 3 революцияны бастан кешірді. Біз тұрақты мемлекет ретінде танымал болдық», - дейді А.Әміребаев.
Экономикалық жағынан қарасақ, алдымен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікті айтуға болады. Қазақстан түрлі интеграциялық бастамаларға ұмтылып, нарықты кеңейтуге талпынды. Соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ бар. Сонымен қатар, Қытай үйлестіріп жатқан «Бір жол – бір белдеу» деп аталатын жобаға қосылып, транспорттық- логистикалық жүйені дамыту жұмыстары жүріп жатыр.
Айдар Әміребаев
«Ал қауіпсіздік жағынан қарасақ, Еуропалық одақ ішінде «Бейбітшілік үшін серіктестік» деп аталатын бастамаға қосылдық. АҚШ-пен бірге «С5+1» деп аталатын формат бойынша жақсы жұмыс жолға қойылды. Ислам әлемінде беделді ұйымдарға мүше болып, ол жерде де өз ұсыныс пен бастамаларымызды көрсете білдік. Тұңғыш президентіміз түркі әлемінде ақсақал ретінде өз беделін арттырды. Түркия президенті, Әзірбайжан президенті, басқа да түркі елдерінің көшбасшылары жақында Түркістанға байланысты онлайн отырыста түркі әлеміндегі Қазақстанның рөлін тағы да атап өтті», - дейді сарапшы.
АӨСШК (СВМДА – авт.) аясында Қытай, Үндістан сияқты ірі елдер Қазақстанның осы ұйым аясындағы бастамаларын қолдап келеді. Қазақстанды олар жауапты, тұрақты мемлекет ретінде мойындағанын айтуға болады. Орта Азия халықтары Қазақстанға қарап, оның іс-әрекеттерін қолдап, Орталық Азия кеңесі аясында түрлі біріккен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ол жерде де біздің тұңғыш президент басшылық етіп, ақыл-кеңесін беріп отырады. Ендеше бұл халықаралық саясатта бағытымыздың дұрыстығын дәледейді, дейді Айдар Әміребаев.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы