Будапештте «Абайды оқимыз» көркем альбомының тұсаукесері өтті
Сондай-ақ Мажарстанда Абай есімі мен мұрасын танытуға үлес қосқан тұлғалар марапатталды
Будапешттегі Қазақстан елшілігінде түркі әлемінің жетекші суретшілерінің ұлы ақынның шығармашылығы негізінде жасалған туындыларын қамтыған «Абайды оқимыз» атты көркем альбомның тұсаукесері, сондай-ақ Мажарстанда оның есімі мен мұрасын танытуға үлес қосқан тұлғаларды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында Қазақстан елшісі Жәнібек Әбдрашов дипломатиялық өкілдік жанындағы Абай орталығының жетекшісі Оңайша Мандокиге және Сегед университетінің қазақ тілі мұғалімі Раушангүл Мұқышеваға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Мәдениет және спорт министрінің атынан алғысхаттар табыстады.
Өз кезегінде Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Касеинов Будапешттегі Түркі кеңесінің директоры Янош Ховариді, Мажарстан этнография институтының ғылыми қызметкері Давид Шомфай Караны және О. Мандоки мен Р. Мұқышеваны ТҮРКСОЙ-дың «Абайға 175 жыл» медалімен марапаттады.