Тоқаев «Ауыл» партиясының төрағасын қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевпен кездесті

Кездесу барысында Әли Бектаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа партия мүшелерінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Президенттік кадр резервін құру, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі бастамаларды толық қолдайтынын айтқан.

Ақорда сайтының хабарлауынша, кездесуде ауыл шаруашылығы саласына қаржылық қолдау көрсету мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, Әли Бектаев бұл саладағы жүйелі қаржыландыру үдерісін реформалауға қатысты ұсыныстарын ортаға салған.

Партия басшысы Президенттің ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, егістік алқаптарын нақты іспен айналысатын шаруаларға беру туралы тапсырмаларының өте өзекті екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысына «Ауыл» партиясының ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту, шалғай елді мекендерді өркендету мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.