Қазақстанның үш мемлекеттегі төтенше және өкілетті елшілері тағайындалды
Рәпіл Жошыбаев Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі болды
Мемлекет басшысының жарлықтарымен:
Рәпіл Жошыбаев Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды;
Марғұлан Баймұхан ҚР-ның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) ҚР өкілдігінің басшысы лауазымына тағайындалды;
Нұрлан Жалғасбаев ҚР-ның Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.
Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаев 1963 жылы 22 тамызда Жамбыл облысында дүниеге келген. Қырғыз мемлекеттік университетін, Санкт-Петербург экономика және қаржы университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы.
Өзінің дипломатиялық қызметін 1993 жылы ҚР СІМ Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының үшінші хатшысы ретінде бастады. Қазақстанның Литвадағы елшілігінде жұмыс істеді. ҚР Президенті протоколы басшысының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігінің конфессияаралық қатынастар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болды.
2004-2007 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ, ҚР СІМ жауапты хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары лауазымдарын атқарды. 2018-2019 жылдары «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқарды.
Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болып тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған.
І сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.
Марғұлан Бақытұлы Баймұхан 1974 жылы 6 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. Польшадағы Краков экономикалық университетін және Канаданың Ванкувер университетін бітірген. Халықаралық басқарудағы ғылым магистрі, іскерлік әкімшілендіру магистрі.
Өз еңбек жолын «Daewoo Electronics» компаниясындағы маркетинг және коммерция мәселелері жөніндегі менеджер ретінде бастаған. 1997 жылы Польшада «River System Ltd.» компаниясының экспорт бөлімінің маманы, кеңесшісі, аймақтық директоры (Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдері) ретінде жұмыс істеді.
Дипломатиялық қызметін 1999 жылдан бастап, СІМ Орталық аппаратында түрлі лауазымдарды атқарды. Қазақстанның Польшадағы елшілігінде жұмыс істеді. 2017 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанның Польшадағы елшісі болды.
Қазақстанның Бельгиядағы елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болды.
II сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.
Нұрлан Әділұлы Жалғасбаев 1970 жылы 2 сәуірде Ақтөбе облысының Алға қаласында дүниеге келген. Петрозаводск мемлекеттік университетін бітірген.
Дипломатиялық мансабын 1993 жылы Азия елдері басқармасының референті ретінде бастаған. ҚР СІМ орталық аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеп, оның ішінде Көпжақты ынтымақтастық департаментін, Халықаралық ұйымдар және қауіпсіздік мәселелері департаментін және Еуропа департаментін басқарды. Сондай-ақ, Қазақстанның Литва, Грузия, Норвегия, Италиядағы елшіліктерінде және Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілдігінде жұмыс істеді. 1999-2000 жылдары ҚР Президенті протоколы басшысының орынбасары болды. 2016-2019 жылдары АӨСШК-де жұмыс істеді.
Қазақстанның Үндістандағы елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры болды.
II сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.