Nur Otan-ның жас депутаттарының 69%-ы Елбасы бастамашылық еткен праймериз арқылы өтті
Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың 616 жас депутатының 427-сі праймеризден өткендер
«Nur Otan» партиясында Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың 600 жас депутатынан тұратын Корпус құрылды. Нұротандық жас депутаттар жастарды қолдау және заң шығару процесінде олардың мүдделерін қорғау үшін күш-жігерлерін біріктіруге ниетті.
Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша белгіленген квотаның арқасында барлық деңгейдегі мәслихаттарда «Nur Otan» партиясының жас депутаттарының саны 3 есеге, яғни 7-ден 23%-ға дейін артты. 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы қабылданып, онда әлеуметтік лифт құру, жастардың бастамаларын іске асыру, жұмысқа орналастыру, білім беру сапасын арттыру сияқты және т. б. 100-ден астам нақты шаралар қамтылды.
«Корпус жұмысы аясында тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, әртүрлі санаттағы жастармен байланыс орнату маңызды. Оның ішінде әлеуметтік желі арқылы жұмыс істеуге, барынша ашық әрі халыққа жақын болуға ден қою қажет. Сіздердің әрқайсыңыз – Партияның сенім мандатына ие болған жас саясаткерсіздер. Партияның халыққа жақын болу, тұрғындармен «кері байланыс» орнату, қоғамдағы әр түрлі топтардың үніне құлақ асып, елмен тығыз, қоян-қолтық жұмыс істеу қағидаларын басшылыққа алу керек. Аталған тапсырмаларды сапалы және нәтижелі іске асыру үшін Жас депутаттар корпусына партия тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады», - деді жастармен өткен онлайн кездесу барысында партия хатшысы Әлібек Әлденей.
Партияның баспасөз қызметінде атап өткендей, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың 616 жас депутатының 427-сі немесе 69%-ы партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан партияішілік праймеризден өткендер.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Жас депутаттар корпусының басшысы болып Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Елнұр Бейсенбаев сайланды.