Шахрат Нұрышев Қазақстанға көшуді қалайтын қандастарға өтінішін айтты
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған мақаласында Қытайдағы қандастардың жағдайына тоқталып, соңғы жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы ахуалға қатысты түрлі ақпараттың таралуына байланысты сөз қозғады.
«Ресми деректерге сүйенетін болсақ, Қытай аумағында 1,6 млн қазақ тұрады. Олардың барлығы – ҚХР азаматтары. Арасында түрлі заң бұзушылық үшін сот шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылған кісілер де бар. БҰҰ жарғысы бойынша ешбір мемлекеттің басқа мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуға құқығы жоқ. Сондықтан да біз ҚХР азаматтары – қандастарымызға қатысты олардың Қазақстан азаматтары болып табылатын туыстарынан өтініш түскен кезде қытай тарапына бөлініп қалған отбасылардың бірігуіне қолғабыс көрсету туралы сауал жібереміз», - делінген мақалада.
Вице-министр шетелдегі қандастарға көмектесуді талап етушілерге жауап берді.
«Шетелдегі қандастарға көмектесуді талап еткенде кейбір азаматтар Қазақстанда тұрып жатқан жүзден аса басқа ұлт өкілдерінің бар екенін естен шығарып алады. Олардың көпшілігінің өз тарихи отаны бар. Ертең басқа ұлт өкілі болып табылатын Қазақстан азаматына қатысты басқа мемлекет тарапынан оның құқықтарын қорғау жөнінде талап түсіп отырса, біздің реакциямыз қандай болмақ? Әрине, біз оның Қазақстан азаматы болғандықтан, шет мемлекеттен біздің мемлекеттің ішкі істеріне араласпауын талап етеміз», - деп жазған.
Шахрат Нұрышевтың жазуынша, Қытайдағы қандастарымыздың арасында Қазақстанға қоныс аудару мүмкіндігін қарастыратындары да, қарастырмайтындары да бар.
«Кіндік қаны тамған, ата-бабалары ғасырлар бойы тұрған мекеннен басқа жаққа неге көшу керек деген сұрақ та қояды. Біздің мемлекет қандастардың барлығын Қазақстанға жаппай көшіруді мақсат етіп қойып отырған жоқ. Көшуді қалайтын, заңды тұрғыдан рұқсаттары бар кісілерге Қазақстанның шетелдегі мекемелері тарапынан тиісті қолғабыс көрсетіледі. Мысалы, 2018-2020 жылдары Қытайдағы консулдық мекемелерде 60 мыңға жуық қандасымызға виза ресімделді. Кейбір қандастар біздің елге келген соң Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Бірақ арасында бір бөлігі ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін орындамағандықтан, Қытайға кері қайтқан кезде түрлі қиыншылыққа тап болған», - деп тоқталды.
Вице-министр Қазақстанға көшуді қалайтын қандастарға өтінішін жеткізді.
«Дегенмен екі мемлекет сыртқы істер министрліктері арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің бейресми ақпараты бойынша 2018-2019 жылдары 7 мың қандасымыз Қазақстанда жүріп, Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі және Алматыдағы Бас консулдығы арқылы ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін бітіруге мүмкіншілік алды. Өкінішке қарай, бұл жұмыс пандемияға байланысты уақытша тоқтап қалды, бірақ жағдай түзелген соң бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылатын болады. Сондықтан да Қазақстанға көшуді қалайтын қандастарға айтылатын өтініш – Қытайдан кетпей тұрып, ресми түрде ҚХР азаматтығынан шығу қажет. Сол кезде азаматтыққа кіру, зейнетақы алу және шекарадан өтуге қатысты мәселелер туындамайды», - деп жазды.