Қырғыз басшысы президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастауға уәде берген
2-3 наурызда Қырғызстан президенті Cадыр Жапаров мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді. Бұл туралы Қырғыз президенті әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Дастан Дюшекеев мәлімдеген.
Қырғыз басшысы бұл сапары аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен елдер арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ өзара іс-қимылдың болашақ перспективасын талқыламақ.
Сондай-ақ садыр Жапаров Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, ҚР Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинмен және ҚР Премьер-министрі Асқар Маминмен кездеседі. Оған қоса, сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың маңыздылығын ескере отырып, сапар барысында Қазақстанның іскер топ өкілдерімен кездесуі жоспарланған.
«Біз Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуды мақсат етеміз», - деп мәлімдеген Дастан Дюшекеев.
Еске сала кетейік, 11 ақпанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаровты құттықтап, Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтты.
Алайда, Қырғыз басшысы Садыр Жапаровnың президент ретіндегі алғашқы ресми сапары Мәскеуден басталды.