ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан бір тәулікте 32 қазақстандық қайтыс болды

«Хайп қуып жүр»: Тоқаев антиваксерлер туралы айтты

Президент дәлелсіз сөйлейтін популистерді сынға алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында вакцинаца салдыруға қарсы шығып жүргендер туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Өкінішке қарай, бүгін біз қоғамдық талқылаудың сапалық деңгейі төмендегенін байқап отырмыз. Ашық популистік, дәлелсіз сөздерімен кейбір адамдар хайп қуып, азаматтарды адастырады. Бұған айқын мысал – антиваксерлер деп аталатын деструктивті ұстаным (вакцинацияға қарсы қозғалыс өкілдері – ред.). Түрлі әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылауда көзқарастардың ымырасыздығы, тәсілдердің бір жақтылығы алаңдатады», - деді Тоқаев Кеңес отырысында.

Президенттің айтуынша, мұндай жағымсыз бағыттардың дамуына жол беруге болмайды.

«Мұның соңы қоғамдық араздыққа әкеледі, сенімсіздік атмосферасын қалыптастырады және сайып келгенде ұлттық прогресті тежейді. Қоғамдық қызмет – бұл жоғары миссия, бірақ сонымен бірге бұл, ең алдымен, отандастар алдындағы жоғары жауапкершілік. Ең алдымен, өз сөзіміз бен іс-әрекетіміздің салдарын түсіну маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Ұлттық кеңестің міндеті – үйлесімді қоғамдық ортаны қалыптастыруға, өркениетті диалог нормаларын орнықтыруға ықпал ету.

Президент, сондай-ақ қоғамда кең тараған тағы бір жағымсыз проблема – ойынқұмарлық туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, соңғы уақытта жастар арасында алкоголь, есірткіге тәуелділік проблемаларына құмар ойындары қосылған.

«Соның салдарынан жастардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шегеді. Букмекерлік кеңселер мен казинолар өздерін интернетте белсенді түрде жарнамалайды. Мемлекет жас ұрпақты құмар ойындардан қорғау үшін бірқатар шаралар қабылдады. Алайда, бұл жеткіліксіз. Тағы жаңа шаралар қажет. Оларды құмар ойындарға итермелейтіндерді әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Қажет болған жағдайда оларды лицензиядан айырамыз», - деді ол.

Сымбат Ғалымжанқызы, Нұр-Сұлтан