ШұғылКоронавирус вакцинасын салдырған қазақстандықтар саны 700 мыңға жуықтады

Менің отставкаға кетуім мәселені шешпейді - Пашинян

Арменияның Үкімет басшысы елден қашу ниеті жоқ екенін айтты

Фото: ашық дереккөзден

Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Республика алаңына жақтастарының алдына шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Менің отставкаға кетуім мәселенің шешімі екеніне сенімді емеспін. Мен бірнеше шешім ұсындым. Елдің полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшылары Бас штаб сияқты мәлімдеме жасайды деп алаңдамаймын», — деді Пашинян.

ТАСС telegram каналының хабарлауынша, премьер-министр өзінің отбасымен бірге Армениядан қашпайтынын айтты.

Еске салайық, армян армиясы Пашинянның отставкаға кетуін талап етті.

Бас штабтың басшысы Оник Гаспарян қол қойған мәлімдемеде Пашинян мен Үкімет қазіргі дағдарыс кезеңінде тиісті шешімдер қабылдауға қабілетті емес екендігі айтылған. Сонымен бірге, Пашинянның отставкаға кетуін талап ететін оппозиционерлер Еревандағы бірқатар көшелерді жауып тастады. Оған жауап ретінде Пашинян Оник Гаспарянды қызметінен кетірді.

Наразылықты ұйымдастырушылардың бірі, «Дашнакцутюн» партиясының жастар одағының өкілі журналистерге наразылықтар Пашинян отставкаға кеткенге дейін жалғасатынын айтты. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, акцияның екі қатысушысы полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Пашинян 2020 жылдың қарашасында Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісімге қол қойғаннан кейін, оның отставкаға кетуін талап еткен наразылық акциялары басталды. Елдегі оппозициялық күштер Үкіметтің бұрынғы басшысы Вазген Манукянды Пашинянның орнына ұсынды.

Желтоқсан айының соңында Пашинян саяси күштерді 2021 жылы кезектен тыс парламенттік сайлау өткізуге шақырды. Алайда оппозиция Пашиняннан сайлау өткізілгенге дейін премьер-министр қызметінен кетуді талап етіп отыр.