Жатақхананың 120 тұрғыны жедел эвакуацияланды
Петропавлда жатақханада жарылыс болып, екі адам қаза тапты. Бір жігіт ауруханаға барар жолда жан тапсырса, екінші әйелдің денесі үйінді астынан табылды. Тағы бір адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қатты дүмпудің салдарынан тұрғын үйдің бірінші қабаты опырылып қалған. Оқиға орнына келген төтенше жағдайлар қызметкерлері өртті сөндіріп, іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Зардап шеккендер тағы да болуы мүмкін. Ал, полицейлер көшелерді жауып, 120 адамды эвакуациялады. Қазір олар мектепке жайғастырылған. Алдын ала болжам бойынша газ баллоны жарылған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Болжам бойынша жарылыс жатақхана астындағы кафелердің бірінде болды. Оның ішінен 3 адам шығарылып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында 21 бірлік техника мен 83 адам жұмыс істеп жатыр», - дейді облыстық ТЖД бастығы Рамиль Камалов.