Дональд Трамп импичментте ақталды – Джо Байден пікірі

Автор: Azattyq Rýhy

Америкалықтардың 54 пайызы Трамптың саясаттан түпкілікті кеткенін қалайды 

Фото: ашық дерек көздерден

АҚШ президенті Джо Байден экс-президент Дональд Трамптың импичментте ақталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақ үйдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Импичмент жақтаушылары республикашыл сенаторларды Трамптың 6 қаңтарда Конгресте болған бүлікке кінәлі екендігіне сендіре алмады. Импичмент үшін 57 сенатор дауыс берді, 43-і қарсы болды. Айыптау қорытындысын шығару үшін 100-ден 67 дауыс қажет. Осылайша, айыптау қажетті дауыс санын ала алмады. АҚШ Сенаты экс-президент Дональд Трампты толық ақтады.

Джо Байден бұл ақталуға қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, экс-президент Дональд Трамп импичмент ісінде ақталғанымен, оның бүлікке итермелеудегі кінәсі көп.

«Капитолийге жасалған шабуыл - Америка тарихындағы қайғылы оқиға. Бұл демократияның «нәзік» екенін және оны қорғау керегін еске түсіреді. «Америкада зорлық-зомбылық пен экстремизмге жол жоқ», - деді Байден.

Айта кетерлігі, Трамптың өзі сәтсіз импичмент процесін «жалмауыз кемпірлерге аңшылық» деп атады.

«Бұл - еліміздің тарихындағы жалмауыз кемпірлерге ең үлкен аңшылықтың тағы бір кезеңі. Ешқандай президент мұндайды басынан өткермеген. Алда атқарар жұмыс көп, жақын арада Американың жарқын, шексіз болашағы туралы тұжырымдамамызды ұсынамыз», - деді Трамп.

Бұған дейін көптеген америкалықтар Трамп елдің саяси өміріне қатысуды тоқтатуы керек деп айтқан. Респонденттердің 54 пайызы елдің 45-ші президентінің саясаттан түпкілікті кетуін қалады.