Қырғызстан президентін ұлықтау рәсімі өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Іс-шараға мыңнан аса қонақ шақырылды

Фото: president.kg

28 қаңтарда Бішкектегі Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы ұлттық филармонияда Қырғызстан президенті болып сайланған Садыр Жапаровты ұлықтау рәсімі өтіп, мемлекет басшысы ретінде ант берді.

Президент әкімшілігі іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды деп сендірді.

«Іс-шараға мыңнан астам қонақ шақырылды, олар ПТР-тестен өтіп, нәтижесі теріс деп көрсетілген», - делінген хабарламада.

Ұлықтау рәсіміне қатысқан қонақтар қатарында экс-президенттер - Сооронбай Жээнбеков мен Роза Отунбаева, саясаткерлер - Өмірбек Бабанов пен Құбатбек Боронов, экс-премьерлер - Медеткан Шерімқұлов, Тұрсынбек Чынгышев, бұрынғы бас прокурор Эльмурза Сатыбалдиев, бұрынғы Қаржы министрі Марат Сұлтанов және Жогорку Кенештің депутаттары бар.

Қырғызстан президентінің инаугурациясына шет мемлекет басшылары қатысқан жоқ. Бірақ әр елдің атынан өкілдер қатысты. Қазақстан атынан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев барды. Ол ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың хатын оқып берді.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Жапаровқа мықты денсаулық, жауапты қызметіне табыс, ал достас қырғыз халқына береке мен бақ тілейді», - деді ол.

Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаров Қазақстанға пандемия кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Қырғызстанның Америкамен, Еуропа және Азия елдерімен ынтымақтастыққа ұмтылуы маңызды екендігін атап өтті.

«2032 жылға қарай сыртқы қарызды толық өтеп бітуіміз қажет. Соңғы отыз жылда сыртқы қарыз мөлшері 5 миллиард долларға жетті», - деді ол.

Еске сала кетейік, Қырғызстан Президентінің мерзімінен бұрын сайлауы 10 қаңтарда өтті. Садыр Жапаров сайлаудың алғашқы турында 79,2% дауыс жинап, жеңіске жетті.