«Тұрақтылық жеңеді»: сарапшылар exit poll нәтижесіне қатысты пікір білдірді
Еxit poll нәтижесі бойынша «Nur Otan» партиясы сайлаушылардың басым дауысын иеленді
Exit poll нәтижесі бойынша 10 қаңтарда өткен сайлауда «Nur Otan» партиясының көш бастағаны белгілі болды. Еxit poll нәтижесі бойынша «Nur Otan» сайлаушылардың 71,97% дауысын иеленді. Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі елдегі белгілі саясаттанушылардың пікірін білді. Азия зерттеу инситутының директоры Сұлтан Әкімбеков билік партиясының алдын ала жеңісінің себебін қоғамдағы консервативтік көңіл-күймен байланыстырады.
Айтуынша, консерватизм қоғамда орнығып қалған дәстүрлер мен құндылықтарды ары қарай сақтап, түбегейлі өзгерістерден бас тартуымен ерекшеленеді. Саясаттанушы консервативті ойлау әдетте әлеуметтік және саяси тұрақтылықты жақтайтыны белгілі екенін, Қазақстандағы бас партия өкілдерінің заң шығарушы органдағы орындар үшін күресі халықтың тұрақтылықты таңдауымен ұштасып отырғанын айтты.
«Елде негізгі халық тұрақтылықты қалайды. Кейбір аздаған топтар биліктің өзгергенін және бір жаңашылдықты қалайды. Бұл дұрыс. Десе де, консервативтік көңіл-күй басымдылығын көрсетіп отыр. Яғни, елде жағдай тұрақты болса, міндетті түрде билік партиясының бәсі жоғары болады. Бұл жерде қандайда бір сараптаудың қажеті шамалы. Әрине партиялардың дауыс жинау үлесіне қатысты сұрақтар болуы мүмкін. Жалпы алғанда консервативтік көзқарас жеңіп шығатыны хақ», - дейді С. Әкімбеков.
«ПАРТИЯЛАРДЫҢ АТАУЫ БӨЛЕК БОЛҒАНЫМЕН, ИДЕЯСЫ БІР»
Саясаттанушы осы сайлау науқанында «Nur Otan» партиясының бұрынғыдан да белсенді болғанын атап өтті.
«Әрине, жаңа Мәжіліс құрамының рөлі туралы мәселе де маңызды. Жаңа кезең, оның құрамы да сол уақыт талабына жауап беретіндей күшті болуы керек. Әлеуметтік саясат, соған қарай бағытталған жұмыс болса, кім болмасын ұтады. Билік партиясы осы бағыттағы жұмысты күшейтті. Оны біз пандемия кезеңінде байқадық. Сондай-ақ бәйгеге қосқан кандидаттар да мұны жақсы түсінген, осы бағытта үгіт-насихат жұмыстарын күшейту арқылы сайлаушылар алдында беделін көтере білді», - дейді сарапшы.
Сарапшы партиялардың ұстанған идеясы, бастамасы жайлы да ой қозғады. Айтуынша, егер партиялар Мәжілісте ықпалдасып жұмыс істесе, халық мүддесі үшін ортақ жұмыс атқара алады.
«Әлемдік тәжірибеде социал-демократтар, христиандар партиясы деп билікке таласады. Бізде де мысалы осы элементтер бар деуге болады. Мысалы «Ақ жол» Алаш идеясын, ұлтшылдыққа жақын ойларды ту етіп жүр, оның идеологиясы бойынша сол Еуропадағы христиандық демократтардың айтып жүрген бастамаларына ұқсас болып келеді. Халық партиясы (Бұрынғы Коммунистік партия -авт.) социал-демократтардың идеясына жақын пікірімен шығып жүр. Егер Мәжілісте осылар ықпалдасып жұмыс істесе, мемлекет, халық мүддесі үшін ортақ жұмыстарды атқара алады. Оның еш сөкеттігі жоқ. Кез келген партия өзге бір партияның идеологиялық алаңында жүріп өз идеясын жүзеге асыруына болады. Бұл әлем елдерінің парламентінде бар тәжірибе», - дейді Азия зерттеу инситутының директоры.
Сұлтан Әкімбеков консервативтік күштердің басты талабы - елдегі тұрақтылық, әлеуметтік жетістік екеніне тағы да тоқталып, «Nur Otan» партиясы бұл миссияны өз деңгейінде орындап отыр деп айтуға толық негіз бар деген ойда.
«Сайлаудағы халықтың көңіл-күйі туралы айтатын болсақ, Алматы сайлаушылардың белсенділігі бойынша қашанда төменгі көрсеткіште. Тиісінше, сайлауға бармайды. Бұл үрдіс бұрыннан бар, Алматы сайлауда белсенді емес дегеннің жауабы осы. Алматыдан басқа кей аймақтарда да белсенділік төмен болды. Ендеше алдағы уақытта Үкімет бұл аймақтарға қатысты жұмыс істеуі керек. Менің айтып отырғаным - әлеуметтік әл-ауқатқа назар аударып, бағдарламаларды, соның ішінде халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыс жүргізу керек. Тағы да қайталап айтамын, консервативтік көңіл-күйдегі адамдар үшін ең маңыздысы - әлеуметтік тұрақтылық», - дейді Сұлтан Әкімбеков.
«БҰЛ САЙЛАУ МӘЖІЛІСКЕ ӨТЕ АЛМАҒАН ПАРТИЯЛАР ҮШІН СТРЕСС-ТЕСТ БОЛДЫ»
Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев exit poll нәтижесі жағдайды айқындап отырғанмен, жеңімпаз партия туралы Орталық сайлау комиссиясының ресми жауабын күтетінін айтты. Десе де, «Nur Otan» партиясының негізгі басымдықтарына тоқталды.
«Билік партиясының аймақтарда тұрақты қолдау желілері қалыптасқан. Облыстарды айтпағанда, барлық аудандық орталықтарда қолдаушысы жеткілікті. Бұл халықпен тығыз жұмыс істеудің нәтижесі деп айтуға негіз бола алады. Одан бөлек, мол тәжірибе, қалыптасқан кадрлар бар. Бұл осындай саяси тартыс кезінде жедел мобилизация жасауға мүмкіндік берді», - деп тоқталды сарапшы.
Саясаттанушы қазақта дәстүрге бағыну және қандай да бір радикалдық элементтерге еріп кету әдеті жоқ екенін айтты.
«Электоралдық көңіл-күй айтарлықтай тұрақты. Қазақта «тәуба», «шүкір» деген сөздер бар ғой. Бұл жәй айтыла салатын бос сөздер емес, біздің халық осыған сенді және осындай қағидамен өмір сүреді. Бұл дегеніңіз - ең бастысы бардан айырмасын, қалғанын сосын көреміз деген түсінік қой. Сондықтан пандемия, коронадағдарыс бізге барымызды бағалап, ары қарай жылжуға үйретті. Халықтың мемлекет тұрақтылығын, денсаулық пен тәубешілікті бағалауы «Nur Otan» партиясын да жеңіске жетеледі десе болады», - дейді Талғат Қалиев.
Талғат Қалиевтің айтуынша, бас партияның бағдарламасы да осы тұрақтылық идеясына негізделген. Сондай-ақ Мәжіліске өте алмайтын партиялардың да мүмкіндігі жоғары екеніне тоқталды.
«7 пайыздық шектен аса аламаған партиялар далада қалады деген сөз жоқ. Олар өздерін мәслихатта сынап, сол жаққа өтуге мүмкіндіктер алып отыр. Бұл да жақсы, аймақтардағы мәслихатта тәжірибесін шыңдай алады. Сосын барып, жоғарғы заң шығарушы органға ұмтыла алады. Әр партия ұзақмерзімді стартегиялық көзқараспен өмір сүруі керек. Әр сайлау жақсы стресс-тест», - дейді ол.
«NUR OTAN» ЛИДЕРЛІК ПОЗИЦИЯСЫН КҮШЕЙТУ ҮШІН КӨП ЕҢБЕКТЕНДІ»
Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының президенті Есенжол Алияров «Nur Otan» партиясы лидерлік позициясын күшейту үшін біршама жұмыс істегеніне тоқталды.
«Сайлауалды бағдарламасы мен теледебаттардағы нақты бағдарламаларға назар аударып, сараптама жасап отырдым. Праймеризді атқарып, өз күшін бағамдап алып, саяси ұйым белсенділерінің де тізімін біршаам жаңартып алғанын көріп отырмыз. Басқа партияларға қарағанда оның нәсихаты өзгеше болды. Ал, оған тең келетін, тең дәрежеде текетіресетін партия неге жоқ дегенге келсек, ол басқа әңгіме. Өкінішке қарай бізде пропорционалдық жүйе болған соң әр партияның абыройы мен орны бөлек-бөлек болуы керек еді. Яғни «Nur Otan» сияқты әкімшілік ресурсы бар, қаржылық мүмкіндігі жоғары партия болмай тұр. Бас партия өзіне теңдес, саяси сахнада текетіресуге қауқарлы спаринг-партнерді ұстауы тиіс еді. Бір-бірін қамшылап, бәсекелесіп, жаңа әдістерді үйренуге жетелейтін саяси ұйым болмаса, өз ресурсын әлсіретіп, даму болмай қалады. Бұл жағдай бізге тарихтан мәлім. Кеңес одағының кезінде комунистік партияның қасында бәсекелес болмаған соң, әлсірей беретінін көрсеткен еді», - дейді Есенжол Алияров.
Есенжол Алияров бұл сайлауда кейбір партиялардың 7 пайыздық межені (exit poll нәтижесі бойынша – авт.) бағындыра алмауы түсінікті екенін айтады.
«Мен осы шекті жинай алмаған саяси ұйымдарға «әдейі аяқтан шалу» әдісі қолданылды деп айтпас едім. «Nur Otan» партиясының насихаты үшін көп адам жұмыс істеді. Бірақ жаңадан бәйгеге қосылған ұйымдардың шектік көрсеткішін төмендету керек еді. Мәселен, олар үшін 7 емес 3 пайыздық меже белгіленгенде, Парламентте көппартиялық жүйе қалыптасып, саяси әралуандық пайда болады. Бұдан қашпауымыз керек. Президенттің өзі оппозиция болуы керек деген пікірді жиі айтып жүр. Сайлау туралы заңға да өзгерістер енгізді. Саяси бәсекелестікті қамтамасыз ете алу үшін саяси реформаларды қорықпай жүргізу керек», дейді сарапшы.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы