«Ат баспаймын деген жерін үш басар»: Қырғызстан жаңа президент сайлаймын деп, бұрынғы саяси жүйеге дауыс береді

Автор: Azattyq Rýhy

Қырғызстанда президент сайлауына бастапқыда 65 адам үміткер болған

Тәуелсіз Қырғызстан тарихында саяси мансабын бейбіт жолмен аяқтаған жалғыз президент болған, ол – 1,5 жылдай билікте отырған Роза Отынбаева. Соңғы президент Сооронбай Жээнбеков тақтан құлатылды, оның ізашары Алмазбек Атамбаев әлі күнге дейін түрмеде отыр, ал қалған екі президент - Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев шетелде қашып жүр: біріншісі Ресейде, екіншісі Беларусьте.

Жаңа келген президенттің тағдыры қалай болмақ? Қытайға белшесінен қарызға батқан, ішкі жалпы өнімі бірден 8 пайызға «сынған» айыр қалпақты елдің экономикасын жаңа басшы көтере ала ма? Azattyq Rýhy тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Революциядан кейін үш ай өткен соң Қырғызстанда президент сайлауы өтіп жатыр. Сонымен бірге жексенбіде президенттік басқару формасына қайта оралу туралы жалпыхалықтық референдум болады.

Бақылаушылардың басым бөлігі президенттік орын үшін күрес алдын ала шешіліп қойғанына сенімді: олар 52 жастағы Садыр Жапаров жеңіске жетеді деп ойлайды. Бұл туралы ВВС жазды.  

САДЫР ЖАПАРОВ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Жапаров қазан айында кенеттен танымал болды. Ол өзінің жақтастарының арқасында түрмеден бостандыққа шықты және наразылық қозғалысының жетекшісіне айналды.

Саяси дағдарыс кезінде Жапаров алдымен өзін-өзі Үкімет басшысы деп жариялады, содан кейін премьер-министр лауазымына ресми бекітілді. Ол сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуіне қол жеткізді және оның қызметін уақытша атқарды, осылайша бүкіл билікті өз қолына шоғырландырды. Парламенттік сайлаудың нәтижелері жойылып, заң шығарушы орган техникалық мерзімі өткен мандатпен ескі құрамда жұмыс істеуге қалды.

ЖАПАРОВТЫҢ ТАҢДАУЫ – ПРЕЗИДЕНТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ

Қазір Қырғызстандағы заң бойынша, аралас-бір палаталы парламент үкіметті отставкаға жіберуге және президентке сенімсіздік білдіруге құқылы, ал премьер-министр президент секілді Үкімет мүшелерін тағайындай алады.

Жапаровтың негізгі бастамасы  - президенттік басқару формасына қайтаруды мақсат еткен конституциялық реформа.

Референдумда аралас жүйенің нұсқасы жоқ: қырғызстандықтарға парламенттік және президенттік басқару нысанын таңдау немесе екеуіне де қарсы дауыс беру ұсынылды.

Жапаровтың командасы айтқандай, парламентаризм он жыл ішінде Қырғызстанда өзінің беделін түсірді және бұл басқару жүйесі «елді жойды».

«Партиялық жүйе кландық схема құрды, адамдарды байлар мен кедейлерге бөлді, сыбайлас жемқорлықтың жайлауына әкелді», - деді Жапаров.

САЙЛАУДАН КЕЙІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Егер сайлаушылар президенттік басқару формасына дауыс берсе, конституциялық реформа аясында депутаттар санын төрттен біріне (120-дан 90-ға дейін) қысқартып, оларды көпшілік және пропорционалды түрде сайлау ұсынылады.

Президент Үкімет басшысын, оның орынбасарларын, министрлерді және атқарушы органдардың басқа басшыларын қызметке тағайындай және босата алады. Оның заң жобаларын енгізіп, бекітіп, пысықтауға жіберуге құқы бар. Сондай-ақ Парламентке Конституциялық және Жоғарғы Сот судьяларының кандидатураларын ұсына алады. Саясаттанушылар мұны «супер-президенттік басқару формасы» деп атайды және реформаны АҚШ тарапынан Орталық Азиядағы жалғыз демократиялы ел деп аталатын Қырғызстанның авторитаризмге көшуі деп санайды.

«Президенттік басқару формасына қайта оралу - бұл ескі жүйені қайтару», - дейді Қырғызстанның саяси журналисі Рустам Халимов.

10 ЖЫЛДЫҚ ПАРЛАМЕНТТІК БАСҚАРУ ҚЫРҒЫЗСТАНДА ОҢ НӘТИЖЕ БЕРМЕДІ

Қазіргі жүйе 2010 жылы сәуір төңкерісінен және бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің елден қашуынан кейін қабылданды. Тәуелсіз Қырғызстан тарихында Конституция 9 рет қайта жазылды.

65 АДАМ ПРЕЗИДЕНТ ТАҒЫНА ӨЗ КАНДИДАТУРАСЫН ҰСЫНҒАН

Президент сайлауына бастапқыда 65 адам президенттікке ұсынылуға ниет білдірді, нәтижесінде 17 адам тіркеу рәсімінен өтті. Олардың ішінде бір ғана әйел, заңгер және оппозициялық «Реформа» партиясының жетекшісі Клара Сооронқұлова бар.

Негізгі фавориттер – Садыр Жапаров пен Адахан Мадумаров. Екі кандидаттың партиялық бағдарламалары ұқсас - конституциялық реформа, пайдалы қазбалар мен кен орындарын ұлттандыру.

ЖАПАРОВ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУ ҮШІН ҚАНДАЙ ТЕТІКТЕРДІ ІСКЕ ҚОСТЫ

ВВС жариялаған деректерге сәйкес, Жапаровтың жеңіске жету мүмкіндігінің жоғарылығы оның сайлау қоры барлық басқа кандидаттардың бюджетінен бірнеше есе асып түсетінімен түсіндіріледі. Ал Бішкек көшелерінен оның бәсекелестерінің сайлау плакаттарын таба алмайсыз. Жапаров оның қорының үштен бір бөлігі түрмеде отырған кезде оған ақша берген адамдардың есебінен жиналғанын айтты. Алайда, оның басқа ірі демеушілерінің арасында бизнесмендер, бұрынғы саясаткерлердің балалары және бұрынғы шенеуніктер бар.

«БИЛІККЕ КІМ КЕЛСЕ ДЕ, ОНЫ ТЕК ДАҒДАРЫС КҮТІП ТҰР»

Сарапшылардың айтуынша, егер Жапаров сайлауда жеңіске жетіп, конституциялық реформа жүргізе алса, үлкен билікпен бірге ол терең дағдарыстағы елге ие болады. Пандемия, карантин және биліктің ауысуы жыл қортындысы бойынша, ІЖӨ-нің 8,1%-ға қысқартып, Қырғызстан экономикасын құлдыратты.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан