Әлемдік және отандық БАҚ тілге тиек еткен қазақ олигархтары кімдер?
2020 жылы әлемдік БАҚ Димаш пен Иманбек сияқты өнерлі жігіттер туралы ғана жазған жоқ, қазақ олигархтарының да аттарын мәшһүр етті. Әрине, қалтасы қалың қазақ жігіттері туралы мақаланың көбі жанжалдармен байланысты.
Azattyq Rýhy тілшісі қазақ байлары туралы әлем таң қалған сандар мен резонансты істерге шолу жасады.
Мұхтар Әблязов. Жаңа жыл қарсаңында сырттай, РФ территориясында 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әблязовтың жыры осыдан 11 жыл бұрын басталды: 2009 жылы «БТА Банк» британиялық соттардың көмегімен оппозиционерді қыспаққа алды. Нәтижесінде осы күнге дейін 4,6 млрд долларды компенсация ретінде қайтарды. Бұдан басқа, кредитор бенефициарлары Әблязов болып табылатын мыңға жуық компанияны бұғаттау туралы шешім шығаруға қол жеткізді.
Law360 ресурсы бұл істе Храпуновтардың рөлі үлкен екенін жазды.
Әблязовтың құдасы Виктор Храпунов Алматының бұрынғы әкімі еді. Швейцария жерін мекен еткен Храпуновтың қызы Эльвира Кудряшова да бұл істегі фигуранттың бірі.
2018 жылы британдық сот Ильяс Храпуновтан БТА Банкінің пайдасына 500 миллион доллар өндіріп алу туралы шешім қабылдағанын еске саламыз.
Бұл істегі танымал фигуранттың тағы бірі – Болат Өтемұратов.
Америкалық The Wall Street Journal соттағы құжаттарды негізге ала отырып, британдық сот Болат Өтемұратов активтерінің бес миллиард долларын бұғаттау туралы шешім қабылдағанын жазды.
Оған себеп – «БТА Банктің» оны банктің ақшасын қайтару туралы талап арызы бойынша жауапкерлер қатарына қосуы. Олигарх Мұхтар Әблязовқа көмек берді деген күдік туындаған.
Болат Өтемұратов – Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі ең ықпалды ТОП 50 бизнесмен тізімінде №2 және Қазақстанның ең бай ТОП 50 кәсіпкер тізімінде №4 орында. Қаражаты - $2 800 000 000.
Өтемұратовтың өзі бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Верный капитал» компаниясы «БТА Банкінің» өзінің негізгі акционеріне қарсы айыптауларын негізсіз деді.
9 желтоқсанда ағылшын соты Өтемұратовтың активтеріне шектеу шараларын қолдану туралы бұйрығын жоққа шығарды. Бизнесмен мен «БТА Банкі» өкілдері арасындағы келіссөздер нәтижесінде құпия келісімге қол қойылды, оған сәйкес банк өз талап-арызын қайтарып алуға міндеттенді.
«Біздің заңгерлер тобы қысқа мерзімде менің қатыспағанымның негізгі дәлелдерін жинау бойынша жұмыс жүргізді. Бедел мен «таза есім» - мен үшін әрқашан бірінші орында», – деді Өтемұратов.
Ағылшын ортасына танымал қазақ олигархының бірегейі – Тимур Құлыбаев.
Тимур Құлыбаев – ең ықпалды 50 бизнесмен тізімінде №1 және Қазақстанның 50 ең бай кәсіпкер тізімінде №2 орында. Қаражаты - $2 900 000 000.
Британиялық Financial Times газетінде 3 желтоқсанда Тимур Құлыбаев туралы мақала жарық көрді. Ағылшын журналистері Орталық Азия мен Қытай арасындағы газ құбырлары үшін қазақстандық олигарх келісімшарт бойынша ондаған миллион долларларға ие болды деп жазды.
8 желтоқсанда осы мақаланы оқыған Құлыбаев Қазақстанның Бас прокуратурасына арыз шағым берді. Financial Times шығарған ақпаратты ресми тексеруді талап етті.
Қайрат Боранбаев– Forbes нұсқасы бойынша ең ықпалды 50 бизнесмен тізіміндегі №8 және Қазақстанның 50 ең бай бизнесмені тізіміндегі №10 орындағы миллионер. Қаражаты - $519 000 000.
Естеріңізде болса, қараша айының басында Алматыда Ritz-Carlton қонақүйінде COVID-19 пандемиясына байланысты жаппай іс-шараларға тыйым салынғанына қарамастан, 150 адамға арналған жаппай іс-шара өтті.
Ritz-Carlton иесі Қайрат Боранбаев екенін айта кеткен жөн. Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, банкет өткізуге рұқсат берілген жоқ.
«Спортшыларға құрмет көрсету бойынша бір реттік іс-шараға рұқсат етілді. Бірақ қонақүй басшысының тарапынан қате жіберілді - ол бұл бір реттік оқиға екенін көрсетпеді. Олар бұл рұқсатты пайдаланды», - деді Бекшин.
Бұл іс шараның өтуіне Қайрат Боранбаев Бақылау кеңесінің төрағасы болып табылатын «Қайрат» футбол клубының Қазақстан чемпионы атанғаны себеп болуы мүмкін.
Жомарт Ертаев та БАҚ беттерін шулатты.
48 жасар банкир сот шешімімен 17 қарашада Bank RBK-ға тиесілі 144 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлық мүлкін қайтаруға мәжбүр болды. Коммерциялық және қаржылық істен аластатылды. Орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын 5 жыл өтеуге міндеттелді.
Сонымен қатар, тағы бір қылмыстық іс қаралып жатыр. Айыпталушы бес адаммен бірге Ертаев та аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді.
Bank RBK, DSFK арнайы қаржы компаниясы, Еуразиялық банк және таратылған Qazaq Banki 188,6 млрд теңге жоғалтты деген ақпарат таратылды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан