Қытай елімізден ешбір экспорттық тауар қабылдап жатқан жоқ – Қаржы министрлігі
Қазақстан тарапы Қытаймен шекарадағы жағдайға байланысты нота жолдады
Қытай тарапы елімізден ешбір экспорттық тауарды қабылдап жатқан жоқ. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов Сенаттың кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жоғары палатаның кезекті отырысында депутат Ольга Булавкина Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық мәселесін тілге тиек етіп, тиісті орган өкіліне сауал жолдады.
«Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан-Қытай шекарасында қатаң карантин шаралары енгізіліп, бүгінде екі ел арасында қатынайтын авто және теміржол көлігінің саны шектелді. Пандемия басталғалы өткізу қабілеті ондаған есе төмендеді. Кей жерлерде жүк тасымалдарына тыйым салынғаны байқалады. Бұл қосымша қаржылық шығындарға, шарттық міндеттемелерді орындамауға әкеп соғуда. Осыған орай тиісті органдар Қытаймен шекарада туындаған жағдайды реттеу үшін қандай шаралар қабылдауда?» - деді сауалында депутат.
Бүгінде кедендік алаңдағы ең қатал карантиндік тәртіп Қытаймен шекаралас аймақта сақталып отыр. Сауда-саттықта маңызды құрал саналатын шекаралық бекеттердің жағдайы әлі де тұрақты қалпына келген жоқ.
«Пандемия салдарынан шекараларда расымен, күтпеген қиындықтар туындады. Экспортқа қатысты айтар болсам, қазір Қытай тарапы елімізден ешбір экспорттық тауарды қабылдап жатқан жоқ. Соныме қатар келетін транспорттардың саны қысқарды. Пандемияға дейін елімізден Қытайға 200-ге жуық транспорт кіретін. Қазір олардың саны 20-25-ке дейін азайды. Қаржы министрлігі жағдайды реттеу үшін шілде айында пандемияға байланысты жабылып қалған үш қабылдау бекетін қайта ашты. Алайда Қытай өз тарапынан 1 қабылдау пунктін ашты. Қалғаны әлі жабық. Екінші жартыжылдықта ҚХР тарапына өткізу бекеттерін ашу туралы хат жіберді. Әзірге ешқандай жауап жоқ. Эпидемологиялық ахуал көрші елде тұрақталғаннан кейін ғана жағдай реттелуі мүмкін», - деді вице-министр.
Еске салайық, 14 желтоқсанда Қазақстан тарапы Қытаймен шекарадағы жағдайға байланысты нота жолдады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан