Сенат БАӘ-ге 49 жылға жер учаскесін беру туралы заң жобасын мақұлдады
Жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім 2017 жылы Абу-Дабиде жасалған
Біріккен Араб Әмірліктеріне елімізден 26 мың шаршы метрден астам жер пайдалануға берілмек. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отырыс барысында екіжақты келісімге негізделген заң жобасын ратификациялау жөніндегі баяндамасында БАӘ-ге Нұр-Сұлтан қаласынан жер учаскесі берілетінін айтты.
«БАӘ тарапына Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында көлемі 26 147 шаршы метр жер учаскесі, ал қазақстандық тарапқа Абу-Даби қаласында дипломатиялық корпус орналасқан ауданда көлемі 11 148 шаршы метр жер учаскесі 49 жылдық мерзімге өтеусіз пайдалануға, кейіннен осындай мерзімге ұзарту шартымен беріледі», - деді Мұхтар Тілеуберді.
Министрдің сөзіне қосымша баяндама жасаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Нұржан Нұрсипатов екі елдің келісімдегі міндеттеріне тоқталып өтті.
«Келісімде жер пайдаланудың, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес оларға берілетін жер учаскелерінде елшіліктердің ғимараттары мен құрылыстарын салудың шарттары, тәртібі айтылады. Бұдан басқа екі тарап бір-біріне коммуналдық құрылыстарға барлық қажетті қосылуларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді», -деді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан