Тәуелсіздіктен айрылып қалу үрейі: ол сейілді ме, әлде күшейіп келе ме?
Ресейлік депутаттың Қазақ жеріне байланысты айтқан мәлімдемесінен кейін туған дау әлі сейілген жоқ
Сыртқы күштердің ақпараттық шабуылы, олардың мемлекеттің біртұтастығына деген күмәні ішкі көңіл-күйге қалай әсер етіп отыр? Ресейлік саясаткерлердің жауапсыз мәлімдемелері, синофобия, мемлекеттің болашағына деген екіойлы көзқарас болған жағдайда, қалай әрекет ету керек? Саясаттанушылар мұндай кезде дискуссия салиқалы, парасатты және салмақты деңгейге көтерілуі тиіс дейді.
Біреу негізсіз айып тақса, оны тек біліммен және тарихи шындық аясында ғана жеңуге болады. Қазақстанда осы саяси мәдениет қалыптасып келеді, оны Тәуелсіздік күні қарсаңында жасалған ақпараттық шабуыл кезінде анық байқадық, дейді сарапшылар. Azattyq Rýhy тілшісі «тәуелсіздіктен айрылып қалу үрейі сейілді ме, әлде күшейіп келе ме» деген сауалды саясатанушыларға қойып көрді.
Ерлан Сайыров, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:
«Бүгінгі заманның өзі өте күрделі. Қазір дүниежүзінде тектоникалық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер болып жатыр. Сосын мынау екіншідүниежүзілік соғыстан кейінгі территориялық тұтастыққа байланысты status quo қазір жоқ. Қазір әр мемлекет өз аумағының тұтастығы үшін өзі жауап береді.
Қазақстан халқына ең бірінші бірлік керек. Яғни мемлекеттік құндылық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан халық мызғымас бір болуы керек. Саяси көзқарас әртүрлі болуы мүмкін, ағымдардың өмірге деген танымы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ мемлекеттік тұтастық, еліміздің тәуелсіздігі дегенде, барлығымыздың ойымыз бір жерден шығуы керек. Халықтың бірлігі болған елдерде ғана тұтастық болады.
Екіншіден, әртүрлі фобия бар. Синофобия да бар, кешегі Ресейдің саясаткерлерінің айтқанына байланысты қарсылық пен толқу да бар. Бір жағынан осындай толқынның болғаны дұрыс, өйткені сыртқы күштер халықтың бір екенін, біртұтас екенін көріп отыруы керек. Бұл өте үлкен саяси-психологиялық әдіс деп айтуға болады. Бірақ осы туралы дискуссияның өзін салиқалы, парасаттылық, салмақты деңгейге көтеру қажет.
Жастар да, ересектер де тәуелсіздік біз үшін ең құнды екенін түсінуі тиіс. Ол үшін мемлекеттік тұрғыдан патриоттық сезімді оятуы тиіс, патриот болу «мода» болу керек. Ең негізгі мәселе осында жатыр. Жұмылып жұдырық болу мәселесі өте өзекті. Өйткені әлем турболентті жағдайға еніп бара жатқанда, соған жұтылып кетпеу үшін осы айтқандарым керек.
Ал, Қазақстанның тәуелсіздіктен айырылып қалуына ешқандай обьективті немесе субьективті фактор жоқ. Қазақстан территориясын халықаралық қауымдастық мойындаған. Біздің шекарамызды БҰҰ құрылымдарында жан-жақты қарастырылып, мойындалған. Әлемдегі ең ірі бес мемлекеттің Қазақстан тәуелсіздігіне кепілдігі бар. Бүгінгі таңда Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп туып тұр деп айту еш қисынға келмейді».
Есенжол Алияров, Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының президенті:
«Тәуелсіздікті жоғалтып алу дегенді фобия дегеннен гөрі психоз деп айтар едім. Көбіне осы Тәуелсіздікті ойдағыдай атап өтуімізге кедергі келтіру үшін, көңіл-күйді бұзу үшін Ресейдің кейбір саясаткерлерінің қасақана жасайтын әрекеті деп бағалар едім. Осыны сараптай отырып, өзім мынадай шешімге келіп отырмын: Қазақстан өз егемендігін жоғалтпайды.
Біріншіден, Ресей мен Украина арасында деморкация және делемитация жасалған жоқ. Келісім-шарт болмаған соң, тартыс болады. Ал, Қазақстанда Ресей басшылығы мен Парламенті ратификация жасаған, шекараны мойындаған құжат бар. Екіншіден, Ресей мен Қазақстан арасында өзара көмек туралы келісім бар. Үшіншіден, ЕАЭО бойынша келісімдер бар. Төртінші, ОДКБ аясында бір-бірімен әскери ынтымақтастыққа қол қойылған. Қиын заман туғанда көмектесу керек. Бесіншіден, осының барлығын бүгін Путин Тоқаевқа жолдаған жеделхатында да атап өтті.
Әрине бір ойын бар, бірақ ол ойыннан ары қарай нақты әрекет болады деп айту қиын. Егер намысқа тисе, оған салиқалы әрі орынды жауап болуы тиіс. Эмоцияның қажеті шамалы. Ең момын адамның намысына тие берсең, адам өлтіруге баруы мүмкін. Сондықтан намыс бәрінен жоғары, біздің халыққа тән қасиеттің бірі осы.
Менің ойымша, бізге қашанда сақ болу керек, мен бұрынна айтып жүрмін, ақпараттық қауіпсіздікке мән беруіміз керек. Ақпараттық кеңістікті ашып тастауға болмайды, осы жағымызды қымтап, сыртқы елдердің ықпалын азайта беру керек. Көршілердің пропагандалық бағдарламаларын ел аумағында көрсетуге тыйым салуымыз қажет. Бұл нишаны отандық бағдарламалар басуы керек. Сонда ғана біз тәуелсізбіз, тәуелсіз ой айтып, азаттығымыздай айырылып қаламыз деген ойдан аулақ боламыз».
Біздің аудитория ұсынылып жатқан олардың пропагандалық бағдарламаларын тиып, оның жолына тоқсауыл қрятын кез келді. Бұл нишаны отандық бағдарламалар, ток-шоулар, мемлекеттік тілдегі аудиторияға жұмыс істеуі тиіс.
Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:
«Қазақстан тәуелсіздігінен айырылып қалады деген фобия белең алып отыр деп айта алмаймыз. Бірақ, жеріміздің тұтастығына байланысты әңгімелер бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Мәселен, 2016 жылы жер мәселесіне орай қытайлық инвесторлар қазақ жерлерін алу арқылы жаулайды деген сияқты жалпылама ойлар тараған болатын. Бірақ, біз бәрнеше мәселеге көңіл аударуымыз керек. Біріншіден, өкінішке қарай, Тәуелсіздікке 29 жыл толғанымен, қоғамда бодандық сана қалып қойды. Оған себеп: тарихи жүріп өткен жолымыз, патша өкіметі мен Кеңестік идеология. Осы қоғамдық сана еркін етуге әрекет жасау керек.
Екіншіден, Қазақстан «ақпараттық соғыста» жеңіліс тауып отыр. Ол әлеуметтік желі болсын, БАҚ саласы да ресейлік ақпараттың көлеңкесінде қалып отыр. Жаңалық, оқиғаларға байланысты пікірлер Ресейде айтылатын ақпарат негізінде таратылып жатыр. Міне осыған орай ақапараттық кеңістікте өзіндік контентті, ішкі контенттің өз басымдығын көрсететіндей жағдай жасалуы тиіс.
Тарихи сананы қалыптастыру, Қазақ хандығының 550 жылдығы, қазақ өлкесінде қазақтар мекен еткені туралы дәртіптеулер мен насихат аз болып тұр.
Үшіншіден, тарихты бұрмалау белең алды. Осыған келгенде отандық мамандар, әсіресе тарихшылар нақты ғылыми негізделген сараптамалық пікірлер жасалып, ол таратылуы тиіс. Бұл тараптан да біз жеңіліс тауып отырмыз. Фобия осындай факторлардан туындайды. Сондықтан ақпараттық стратегияны күшейтіп, кең ауқымды дәріптей алсақ, қорқынышты сейілтуде қандай да бір жетістіктерге жететініміз хақ».
Ришат Асқарбекұлы, Алматы