Бүгін Сенат отырысынан соң жоғарғы палата депутаты Қайрат Қожамжаров бұрынғы қызметкері Олеся Кексель ісіне қатысты алғаш рет пікір білдірді
Кеше Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Кексельдің ісі әлі тергеліп жатыр деген еді. Ал бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаров Кексель ісіне қатысты бүгін басқаша мәлімет айтты.
«Сенбі күні Олеся Кексель жеке хабарласып, іс құрамы жоқ болғандықтан, үстінен қозғалған істің тоқтатылғанын айтты», - дейді Қожамжаров.
Айта кетейік, Олеся Кексель Қайрат Қожамжаров Бас прокурор болған кезде қадағалаушы органда Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы болған. Қожамжаров Олеся Кексель тергеудегі адамға қатысты азаптау тәсілін қолданды дегенге сенбейді.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан азаптауға қарсы конвенцияға қосылған. Сол конвенцияға өзіміздің ұлттық заңнамаларымызды сәйкестендіру керек. Азаптау туралы арыз түссе, оны міндетті түрде тіркеп, тергеу бастау керек. Кез келген арыз тексерілуі керек. Статистика бойынша, бүгінде тергеу кезіндегі азаптау категориясы бойынша 300 мың қылмыстық іс тексеріліп жатыр.
Екі ай бұрын Олеся Кексельдің үстінен сондай арыз түсті. Сенбі күні (2019 жылдың 16 қарашасы – авт.) Олеся маған хабарласып, тергеуші «іс құрамы жоқ болғандықтан, іс тоқтатылғанын айтты» деген хабар жеткізді. Бірақ, осындай резонанс туып жатқан соң, іс қайта қаралуы мүмкін», - дейді Қайрат Қожамжаров.
Оқи отырыңыз: Бас прокуратураның бұрынғы тергеушісі Олеся Кексель Қазақстанда екені расталды
Бұрынғы Бас прокурор Олеся Кексельдің үстінен шағым түсірген адамдардың кім екенін де білетін сияқты.
«Менің айтайын дегенім – бұл іс Шкарупаға (бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа. Қыркүйекте оған қатысты тергеу аяқталып, ол қазір қылмыстық іспен танысуда - авт) қатысты. Арыз жазған адам кезінде қаражат жымқырғаны үшін ұсталған Шкарупаға қарсы түсінік берген еді. Ол адамның берген мәліметтері дәлелденді. Бәлкім, бұл өзін-өзі қорғау тактикасы шығар...», - дейді Қожамжаров.
Қайрат Қожамжаров Олеся Кексельді кезінде ұлттық бюродан Бас пркуратураға өзі жұмысқа шақырғанын, оның өз ісін жетік білетін кәсіби маман екенін айтты.
«Олеся Кексель жедел тергеу тобының жетекшісі болды. Ол топта көптеген ауқымды істерде қызмет атқарған тергеушілер де, жедел тергеушілер де бар. Топ бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметовтің, министрлер мен әкімдердің де ісін қараған. Олеся Кексельді Бас прокуратураға жұмысқа арнайы шақырған мен. Өйткені, Олеся Ивановна жоғары білікті профессионал, ісіне өте адал. Оның қызмет атқару барысында қылмыстық-процессуалды кодекс талаптарын орындағанына сенімдімін. Ондай тергеушіні құдай бұйырта берсін», - деді Қожамжаров.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан