Президентке министрліктің жыл басынан бергі жұмысының негізгі қорытындылары баяндалды
Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыртқы істер министрлігінің осы жылдың басынан бері атқарған жұмысының негізгі қорытындылары, соның ішінде, өзге елдермен екіжақты ынтымақтастық бойынша және халықаралық ұйымдар аясында өткізілген халықаралық іс-шаралар туралы ақпарат берілді.
«Кездесу барысында сондай-ақ, Қазақстан Президентінің қатысуымен алдағы уақытта өтетін сыртқы саяси іс-шаралар кестесі пысықталып, өңірлік күн тәртібіндегі мәселелері талқыланды», - делінген хабарламада.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Сыртқы істер министріне еліміздің стратегиялық әріптестерімен екіжақты іс-қимылдарды дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.