«Абу-Даби Плазаның» ең биік мұнарасын «Қазақстан мұнарасы» деп атаймын – Нұрсұлтан Назарбаев

Автор: Azattyq Rýhy

Тұңғыш Президенттің сұхбаты «Qazaqstan» телернасынан бүгін 20:00-де көрсетіледі

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында «Абу-Даби Плазаның» ең биік мұнарасын «Қазақстан мұнарасы» деп атайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Келесі жылы аяқталатын «Абу-Даби Плазаның» ең биік мұнарасын «Қазақстан мұнарасы» деп атаймын. Мұндай биік ғимарат жоқ. Кең даламызда алыстан көрініп тұратын болады. Діни және туристік мақсатта әлемдегі ең үлкен мешіт салынып жатыр. Ел астанасын одан әрі көркейту үшін талай ойлар, жоспарлар бар. Көп болып қолға алсақ, атқарылмайтын іс жоқ. Мұның барлығы Қазақстанның әлем алдындағы әлеуетін көрсетеді», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы телеарнаға берген сұхбатында Түркістан қаласын облыс орталығы етіп бекіту шешімінің маңызы мен қаланың келешек жоспарлары жайында жан-жақты баяндады. Сонымен қатар Түркістан болашақта ел астанасы болуы мүмкін бе деген көпшілік арасында тараған қауесетке қатысты пікірін білдірді.

«Түркістанды көтеру – парызымыз, біздің халқымыз үшін  қажет. Бұл тарихы тереңде жатқан көне қаламыздың бірі. Түркістандағы көне ғимараттардың қалпын сақтап, жергілікті халық пен туристер үшін тарихымызды паш ететін орталық ретінде қалдыруымыз қажет», - деді Елбасы.

«Түркістан: көне мен келешек көпірі» деректі фильмі Н.Назарбаевтың «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы, журналист Ләззат Танысбайға берген сұхбаты негізінде әзірленді. Деректі туынды «Qazaqstan» телернасынан бүгін 20:00-де көрсетіледі.